Пара алғаны үшін сотталған «Жасыл технологиялар» орталығының экс-басшысына қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды
Пара алғаны үшін 9 жылға сотталған «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» бұрынғы басшысы Олжас Ағабековтің апеллияциялық шағымын сот алқасы мақұлдаған жоқ.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2 тамыз 2024 жылғы үкімімен ірі мөлшерде пара алу (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 3- тармағы), аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2- тармағы) және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3- тармағы) бойынша О. Ағабеков кінәлі деп танылған.
Сот материалында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕ АҚ басқармасының төрағасы болған кезде бірнеше мәрте заң бұзғаны туралы жазылған.
2023 жылдың 6 сәуірі мен 11 желтоқсаны аралығында өзіне, басқарма төрағасы орынбасарына, ішкі аудит қызметінің басшысына және корпоративтік хатшыға 8 220 166 теңге сыйақы төлеген.
Дәл сол жылдың 30 қараша мен 4 желтоқсан күндері Дубай қаласында өткен конференцияда Орталық Азия елдерінің павильонын ұйымдастырады. Осы іс-шарада демеуші компания берген 329 млн теңге соманың 121 млн теңгесін қалтаға басқан.
2024 жылдың 1 ақпанында Агабеков Астана қаласында құны 1 млрд теңгеден астам тұратын 708 мың тонна көлеміндегі ЖШС-нің бірінің офсеттік бірліктерін басқа ЖШС-ға сатуға ықпал еткені үшін 35 млн теңге пара алған.
«Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды», – деп хабарлады Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-шенеунік қызметтік мансабын асыра пайдаланған. Күлшімбаев өзінің жеке үйін салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты мекемелерінің басшылығына заңсыз нұсқаулар берген.