«Қазақстан тұрақты туризмін әлі бастамады»: Мамандар туристік саладағы мәселелерді атады
Қазақстанның туризм саласындағы көрсеткіші соңғы төрт жылда төмендеп кеткен. Әлемдегі көрсеткіштен 3 есеге артта қалып отыр. Тұрақты туризм индустриясы да бір жолға қойылмай келеді. Қазақстанның жетекші туристік операторларының қатысуымен өткен пікірталаста мамандар осындай дерек келтіріп, мәселе көтерді.
Астанада өткен fishbowl пікірталасында жиналғандар отандық туристік инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту, табиғи мұраларды сақтап қалу сияқты мәселелерді қозғады. Мамандар туризм саласы әлі де ақсап тұрғанын жасырмады.
Қазақстан тұрақты туризмін әлі бастамады…
Еуразиялық туристік қауымдастықтың президенті Рысты Қарабаеваның сөзінше, Қазақстан әлі тұрақты туризм жолына түскен жоқ. Тіпті ішкі туризм де көңіл көншітпейтінін айтады. Туристер туралы статистикалық мәліметтерде кейде нақтылық болмай жататын да атап өтті.
«Тұрақты туризм – өте ауқымды тақырып. Мемлекет туризмді дамыту керек деп айтамыз. Ал, шын мәнінде, Қазақстан тұрақты туризмін әлі бастаған жоқ. Тұрақты туризмді дамытудың өз стандарттары бар, сол тетіктер нақты орындалуы тиіс. Туризмнің статистикасы туралы да көбінесе дау туындап жатады. Тіпті ел президентінің өзі бұл мәселеге сын айтқан болатын. Мемлекет басшысы Қазақстанға іссапармен келгендерді де туристер қатарына енгізіп қоясыңдар деген еді. Мен де келісемін. Десе де сол жұмыс бабымен келгендерді де турист ретінде жақсы қызықтыруға болады», – Рысты Қарабаева.
Балалар туризміне неге көңіл бөлінбейді?
Балалар туризміне де аса көңіл бөлінбей отырғаны сөз болды. Туризмнің бұл түрі әзірге Астанада ғана қолға алынған. Өзге өңірлер бұл мәселеге айтарлықтай көңіл бөлмей отыр деп есептейді спикер.
«Балалр трузимі үшін мемлекеттен көп қолдау қажет. Мысалы, ЭКСПО кезінде әр облыстың өз жоспары болды. Әкімдіктердің 50 мың, 100 мың бала әкелу керек деген сияқты тапсырмалары болған еді. Сол қайтадан жандануы керек», – дейді Еуразиялық туристік қауымдастық президенті.
Туристерден ұят…
Соңғы төрт жылда Қазақстанның турзим саласындағы көрсеткіші 3,2%-ға төмендеген. Бұл әлемдегі көрсеткіштен 3 есеге аз. Астана қалалық мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек осындай мәлімет келтірді. Тіпті климаттық жағдайы дәл Қазақстан сияқты көршілес елдерден де кенже қалып отырғанын айтады.
«Сондықтан бұл мәселені жөнге келтіру үшін жүйелі шаралар қажет. Біз биыл Астанадағы туристік нысандарын аралап шықтық. Туристік автобуске мініп, кәдімгі туристер сияқты шықтық. Әттеген-ай дейтін тұстарымыздың бары жасырын емес. Көруге тұрарлық жерлер де, тіпті ұят жерлері бар», – деді мәслихат депутаты.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда туризмге арналған кешенді бағдарлама жоқтың қасы. Сол үшін туризм саласының білікті мамандарын тарта отырып, бағдарлама әзірлену керек деп есептейді.
«Бізге көп келетін 5 мемлекет бар. Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Өзбекстан. Таяуда өткен дүниежүзілік ойындарына да осы елдерден туристер көп келді. Мысалы, былтырғы жылы ұшақпен сырттан 7,5 млн адам келген. Темір жолмен 5,5 млн келген. Бұл көрсеткішті көбейтуіміз керек», – деді депутат.
Шетелдіктер VIP нөмірлер сұрайды
Кендебай Адамбек туристер аялдайтын қонақүйлер мәселесіне де тоқталды. Шетелдіктерге жайлы қонақүйлер ұсынуда әзірге Алматы мен Астананың ғана әлеуеті жақсы болып тұрғанын айтады. Мәселен, елордадағы қонақүйлер бір уақытта 17 888 адам қабылдай алады. Бұл – 9 439 номер.
«Астананың қонақ күтетін жерлерінің әлеуеті Алматыдан да артық. Алматыға араб елдерінен, Қатардан туристер келсе, олар көбіне VIP нөмірлерді сұрайды. Астанада мұндай қымбат нөмірлер көп екенін толық сеніммен айта аламын. Сондықтан сол келген ағымды елордаға көбірек тарту керек. Мысалы, Алматыға келетін туристер 5 күнге дейін сонда болады. Сонда ойлай беріңіз қанша қаржы қалдыратынын», – деп толықтырды ол.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша алғашқы алты айда Қазақстанға шетелден 566,5 мың саяхатшы келген. Былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда туристердің саны 50,7 мың адамға артқан. Ол кезде 515,8 мың адам елімізге қыдырып келген болатын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туристік ұйымы (БҰҰ туризмі) деректеріне сәйкес, халықаралық туризмнен ең көп табысты Еуропа елдері тапқан. Көрсеткіш 660 млрд долларды құрады. Бұл 2019 жылғы пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 7%-ға көп. Таяу Шығыстағы кірістер 33%-ға өсті.
Қазақстандықтар 2023 жылы шетелге саяхаттауға 326 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 45%-ға артық. Мәдениет министрлігі 2030 жылға қарай Қазақстанда туристер саны 15 млн-ға жетеді деп болжаған.
Айта кетейік, осы қыркүйек айында Қазақстанға 597 мың турист келіп, рекорд орнатты. Олардың көбі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Димаш Құдайбергеннің концертіне келген. 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында Қазақстанға 597 мың шетелдік турист келген. Олардың ішінде 68 мың адам ұшақпен келсе, қалғандары авто және теміржол көлігін таңдаған.