Қор нарығына шолу: чип тапшылығы, Қытай қор нарығын қолдайды, Баффет BofA-ны қайта сатпақ
Жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғылар санының күрт өсуі чип тапшылығына алып келді. Уоррен Баффет Bank of America акцияларын сатуды жалғастырып жатыр. Қытай қор нарығын қолдауға 340 млрд долларға дейін қаржы бөледі. Осы және өзге де тақырыптар туралы 25 қыркүйектегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Әлемде чип тапшылығы туындап жатыр
Asia Financial-дың жазуынша, жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғылар санының күрт өсуі мен басқа да бірқатар фактордың қосылуы чиптер жеткізу тізбегіне айтарлықтай қауіп төндіріп жатыр. Тиісінше, әлемде микросхемалар тапшылығы байқалып отыр. Себебі жасанды интелект барлық салада, смартфондардан бастап электрмобильдерге дейін енгізіліп жатыр.
«Жартылай өткізгіштердің жеткізу тізбегі өте күрделі және сұраныстың шамамен 20%-ға немесе одан да көп өсуі теңгерімді бұзып, микросхемалардың тапшылығына әкеледі», – деп жазылған сәрсенбі, 25 қыркүйек күнгі, Bain & Company америкалық консалтинг агенттігінің талдауында. Сарапшылар 2026 жылға қарай сұраныстың 30%-ға артуын болжайды. Сонымен қатар Bain бағалауы бойынша жасанды интеллектіні жедел енгізу әлемдік дербес компьютерлер сатылымын 31%-ға, ал смартфондар сатылымын 15%-ға арттыруы мүмкін.
Бұл ең озық чип өндірушілеріне өндірісті 25-35%-ға арттыру қажет деген сөз. Сонымен қатар жартылай өткізгіштердің жетекші өндірушілеріне төрт-бес заманауи зауыт салу керек болады. Bain бағалауы бойынша, бұл зауыттардың құны 40 млрд доллардан 75 млрд долларға дейін жетеді.
Сарапшылардың айтуынша, чип жеткізу тізбегіне төнген қауіпке басқа да факторлар әсер етіп жатыр, соның ішінде климаттың өзгеруі, табиғи апаттар және геосаяси шиеленістер. Мысалы, әлемдегі озық чиптердің 90%-ы өндірілетін Тайваньда өндірісте орасан зор мөлшерде қажет болатын су тапшылығы байқалып отыр. S&P Global деректері бойынша, суды дұрыс басқармау 2030 жылға қарай TSMC өнімін 10%-ға азайтуы мүмкін. Тайваньдағы өндіріс сонымен қатар жер сілкіністері және аралдың саяси тұрақсыздығы сияқты факторларға тәуелді.
Уоррен Баффет Bank of America акцияларын сатуды жалғастырып жатыр
Yahoo Finance-тың хабарлауынша, соңғы бірнеше ай ішінде Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы Bank of America-ның 21,6 млн акциясын 862,7 млн долларға сатты. Осылайша, компанияның акцияларды сатудан түскен табысы 8,9 млрд долларға жетті.
Естеріңізге сала кетсек, Berkshire шілденің ортасынан бастап кейінгі 10 апта бойы BofA акцияларын сатып келеді. Бас-аяғы 218,5 млн акция сатылды. Berkshire әлі де АҚШ-тың ең ірі банкі акцияларының 10,5%-ына ие – 800 млн-нан астам акциясы бар, жалпы құны 32 млрд доллардан асады. Бұл – инвестициялық компания портфеліндегі ең ұзақ позициялардың бірі.
BofA акциялары биыл 16%-ға өсті және Goldman Sachs, JPMorgan Chase және Citigroup сияқты бәсекелестерінен сәл ғана артта қалды. Банктің қаржылық көрсеткіштері жақын арада нашарламайды. Оның үстіне, ФРЖ мөлшерлемелерін төмендету банкке пайда әкелуі мүмкін. Уоррен Баффет сатылымның себебін әлі түсіндірген жоқ.
Bank of America директоры Брайан Мойнихан да Баффеттің акцияларды не үшін сатып жатқанын білмейтінін айтты.
Қытай үкіметінің қор нарығына құйған қаржысы сәтсіз болуы мүмкін
Bloomberg сұхбат жүргізген бірқатар сарапшының пікірінше, Қытай үкіметінің әлсіреп бара жатқан акцияларды қолдауға 340 млрд долларға дейін қаржы бөлу уәдесі нәтиже бермеуі мүмкін. Мұндай шаралар Жапонияда да қолға алынған. Бірақ алғашқы ынта-жігердің күшеюінен кейін, экономиканың өсуінде үзілістер орын алған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Қытай Халық банкінің басшысы Пань Гуншен мен басқа да шенеуніктер үй шаруашылықтарының табысының төмендеуін тоқтату және экономиканы жандандыруға бағытталған ынталандыру шараларын жариялады. Ақша қор нарығына бағытталады – компаниялар акциялар мен басқа да құнды қағаздарды сатып алу үшін орталық банктен несие ала алады. Бірінші кезеңдегі қаржыландыру көлемі 800 млрд юаньды (114 млрд доллар) құрайды, ал сұранысқа байланысты бұл сома екі есе немесе тіпті үш есе өсуі мүмкін. Орталық банк сонымен қатар «тұрақтандыру қорын» құруды да қарастырып жатыр.
«Бұл шаралар қысқа мерзімде әсер етуі мүмкін, бірақ олар тек уақыт ұтуға көмектеседі», – деді Oxford Economics Жапония зерттеулері бөлімінің басшысы және Жапония банкі халықаралық департаментінің бұрынғы басшысы Сигето Нагаи. Оның айтуынша, Жапония банкі кейінгі жылдары ETF сатып алу арқылы қысқа мерзімді нарықтық күйзелістермен күресуде тиімді болған. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл инфляцияның өсу қаупі салдарынан мүмкін емес.
HSBC-дің аналитиктері Джеффри Се бастаған топтың айтуынша, «қор нарығына өтімділікті бағыттауға арналған бұл теңдессіз шаралар» нарыққа қалпына келудің төменгі шегін табуға көмектесіп, 2024 жылдың соңына қарай қайта қалпына келтіруді қолдауы мүмкін. Онымен Қытайдағы акциялар бойынша Morgan Stanley-дің бас стратегі Лаура Ван да келіседі. «Алайда қалпына келтірудің ауқымы және оның тұрақтылығы дефляциядан сәтті шығуға әрі корпоративтік табыстың өсуіне байланысты», – деп атап өтті Ван.
Англия банкінің басшысы Грин мөлшерлемелерді төмендетуде «сақтық» танытуға шақырады
«Англия банкі ұзақ мерзімді инфляциялық қысымның қаупіне байланысты пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуде сақтық танытуы керек», – деп мәлімдеді Ақша-несие саясаты комитетінің мүшесі Меган Грин. «Менің ойымша, ақша-несие саясатын жеңілдетуге сақтықпен және жүйелі түрде қарау орынды», – деді ол.
Айта кетейік, Грин тамыз айында Англия банкі мөлшерлемелерді төмендету шешіміне қарсы дауыс берген болатын. Ол сонымен қатар қызмет көрсету саласындағы инфляцияның кейбір құрамдас бөліктері кейінгі жылда әрең бәсеңдегенін, ал жалақының өсуі Англия банкінің стандартты экономикалық модельдері болжағаннан жылдам болғанын атап өтті. Reuters-тің хабарлауынша, Грин тұтынушылар сұранысының тез қалпына келу қаупін де байқап отыр. «Іскерлік белсенділікке қатысты тәуекелдер артып келеді деп санаймын. Бұл саясатымыздың біз ойлағандай қатаң емес екенін көрсетуі мүмкін», – деді ол.