KEGOC компаниясы «Өлке» және «Қаратабан» қосалқы стансасы мен оларды біріктіретін электр желісінің құрылысына 138,4 млрд теңге жұмсамақ. Бұл стансалардың арасы жалғанған соң, Батыс Қазақстан облысының электр жүйесі елдегі бірыңғай электр жүйесімен біріктіріледі. Ірі мәміле туралы хабарлама Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылған.
«Өлке» және «Қаратабан» қосалқы стансалары, станса арасындағы жоғары вольтты электр желісінің қуаты – 500 кВ. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, 2027 жылы аяқталуы тиіс. Осы кезеңде «Өлке» қосалқы стансасы жаңғыртылып, «Қаратабан» стасасы салынады. Сосын екі станса арасы жалғанады.
«Мердігер «Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобасы бойынша 500 кВ «Өлке» қосалқы стансасы мен 500 кВ «Қарабатан» қосалқы стансасы арасындағы 500 кВ әуе желісін салу бойынша жұмыстарды 2024-2027 жылдар аралығында орындауға міндеттенеді», – делінген хабарламада.
Ұлттық оператордың тапсырысын орындайтын мердігер – «EIS Corporation» ЖШС, «Энергетика» ғылыми-инжиниринг орталығы және «Building Construction» ЖШС-мен бірлескен концориум. Мердігер жобалау-сметалық жұмысынан бастап, рұқсатнама алу, әуе желісінің трассасын таңдау және бекіту, әуе желісінің құрылысын жүргізу, оны қосу міндетін мойнына алады.
«EIS Corporation» ЖШС 1999 жылдан бері электр желілерін салумен айналысады. Семей қаласында тіркелген компанияның құрылтайшылары – Сенгиров Асылбек пен Салтанат Жақсылықова деп көрсетілген.
«Қарабатан – Өлке» электр желісінің ұзындығы – 600 шақырым. Жоба KEGOC АҚ-ның меншік қаражаты және Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен тартылатын қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады.
KEGOC директорлар кеңесі «Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру. «Электр желілік объектілерді салу» жобасы бойынша EPC-келісімшартты 9 қыркүйекте мақұлдаған. Компанияның 85% акциясы «Самұрық-Қазына» қорына, 6,87%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі, ал 8%-ға жуығы еркін айналымда жүр.