АҚШ пен Еуропа елдері Израиль мен Ливанды бітімге келуге шақырды
АҚШ, ЕуроОдақ, БАӘ мен Сауд Арабиясы Израиль мен Ливанды тез арада бітімге келіп, қос ел шекарасындағы атысты 21 күн тоқтата тұруға шақырды. Мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесі Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған.
21 күн ішінде екі жаққа келісімге келу және Газадағы атысты тоқтатуы үшін дипломатиялық кеңес беріледі. Ал қақтығыс шиеленісіп тұрған кезде, келіссөздер нәтижелі болмайды.
«Біз бүкіл тараптарды, соның ішінде Израиль мен Ливан үкіметтерін осы кезеңде БҰҰ 1701-ге сәйкес уақытша атысты тоқтату және дипломатиялық реттеуге нақты мүмкіндік беруге шақырамыз», – делінген бірлескен мәлімдемеде.
Құжатта Ливан мен Израиль арасындағы 2023 жылдың 8 қазанынан бергі текетірес адам төзгісіз және аймақтағы жағдайды қатты ушықтырып тұрғаны жазылған. Бұл Израиль халқының да, Ливан халқының да мүддесіне сай емес.
Бітімге шақырған мемлекеттер шекараның екі жағындағы бейбіт тұрғындардың үйлеріне қауіпсіз оралуына мүмкіндік беретін дипломатиялық келісімді аяқтайтын уақыт жеткеніне назар аударды.
Құжатқа сонымен қатар Аустралия, Канада, Жапония және Қатар қол қойған.
Қазіргі уақытта Ливандағы ахуал ушығып тұр. Израиль әскерилері «Хезболланың» 800 нысанына соққы жасаған. Израильдің «Хезболла» ұйымының нысандарына жасаған соққысынан 500-ге тарта адам қаза тапты.