Жаңалықтар

QazaqGaz аймақтарға тауарлық газды қаншадан сатады?

QazaqGaz
QazaqGaz Aimaq тауарлық газды қаншадан сатып алатыны белгілі болды / Коллаж: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

QazaqGaz Aimaq компаниясы өз акционері – QazaqGaz-дан 509,1 млрд теңгеге 19 млрд текше метр газ сатып алады. 1 текше метр газ бағасы 26,79 мың теңгеден сатылады. Қос компанияның ірі келісімі жайлы хабарламасы Қазақстан қор биржасында жарияланған.

Компания акционерлерінің шешімі 12 қыркүйекте шыққан. Бұл баға 2024 жылдың 1 шілдесінен жасалған келісімдерге таралады.

Заңды және жеке тұлғаларға газ жеткізетін QazaqGaz Aimaq 1 мың текше метр тауарлық газды акционерінен 26,79 мың теңгеге сатып алады. Компания есебіне сәйкес, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында QazaqGaz Aimaq 8,9 млрд текше метр тауарлық газды 189,16 млрд теңгеге, яғни 1 текше метрін қосымша құн салығынсыз 19,22 теңгеге сатып алған.

Бұл келісім сомасы QazaqGaz Aimaq активтері баланстық құнының 50%-нан асатындықтан, ірі келісім саналады. Жеке тұтынушыларға сатылатын газ бағасы әртүрлі. Мәселен, тауарлық газдан сұйытылған табиғи газ өндіретін компаниялар 1 мың текше метр үшін 45,9 мың теңге төлейді. Бюджеттік ұйымдар 1 мың текше метр газды 35,2 мың теңгеден сатып алады. Халық үшін жылу өндіретін ұйымдарға 1 мың текше мерт газ бағасы – 21,8 мың теңге болса, электр энергиясын өндіретін ұйымдарға 31,5 мың теңгеден сатылады.

Заңды тұлғалар үшін жылу энергиясын өндіретін энергетикалық ұйымдар 32,7 мың теңгеден газ сатып алады. Ал халық 29,2 мың теңге, басқа тұтынушылар 1 мың текше метр газға 32,7 мың теңгеден төлейді.

Маусымда кәсіпорындар мен тұрғындар QazaqGaz Aimaq компаниясына 37 млрд қарыз екені хабарланды. Кәсіпорындар арасында Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қарызы басым. Кәсіпорынның газ үшін қарызы 16 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары газдың ақшасын уақытылы төлемейді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының негізі 2002 жылы қаланған. Кейінен атауын өзгертіп, QazaqGaz Aimaq деп аталды. Компанияның жалғыз акционері – QazaqGaz ұлттық газ компаниясы. Ал QazaqGaz 100 пайыз «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының меншігінде.