Мемлекет пәтер салу үшін құрылыс компанияларына көбірек ақша төлейтін болады. Бұл үйлер кейіннен қазақстандықтарға сатып алу құқығымен жалға берілетін болады. Дегенмен жалға алу кезіндегі тұрғын үй құнына бұл әсер етпейді, тек бюджет шығыстары мен сатып алынатын тұрғын үй көлеміне әсер етеді. Бұл туралы Қазақстан Құрылысшылар одағының баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері Комитеті басқармасының бас сарапшысы Марат Жарбұлов тамыз айының соңында Индустрия министрлігі сатып алынатын тұрғын үй құрылысын қаржыландыру ережелеріне өзгерістер енгізгенін айтты.
Бір шаршы метрдің құны Астанада 320 мың теңгеден 380-390 мың теңгеге дейін, ал өңірлер бойынша 350-360 мың теңгеге дейін ұлғайды. Дәл осы бағамен Қазақстандық тұрғын үй компаниясы («Бәйтерек» Ұлттық холдингіне тиесілі) пәтерлердің құрылысын қаржыландыратын болады. Бұл үйлер кезекте тұрған қазақстандықтарға жалға беріледі.
«Бұл өзгерістер «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына және кешенді дамуға әсер етті. Басқа тұрғын үй бағдарламалары үшін баға параметрі өзгерген жоқ», – деп түсіндірді Жарбұлов.
Құрылысшылар одағының ақпаратына сүйенсек, компаниялар бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үй бағасын көтеруді сұрап, олардың өтініштері енді ескерілген. Әкімдіктер немесе өзге органдардың арнайы бағдарламалар аясында сатып алатын үйлерінен құрылыс компаниялары салық шығындарын өтеуге де жетпейтін минималды табыс тауып келген.
Баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова тұрғын үй құнының өсуі құрылыс салушыға тиімді, бірақ бюджетке теріс әсер ететінін атап өтті.
«Бұрын әкімдіктер 2 млрд теңгеге 100 пәтер сатып алса, енді сол ақшаға шартты түрде 80 пәтер сатып алады делік. Кезекте тұрып, жалға пәтер алғандар айырмашылықты сезбейді», – деді Ибрагимова.