Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары аяқталды
Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
Еліміздегі жолаушылар трафигі ең көп қаланың әуежайындағы жөндеу жұмыстары 1 мамырда басталып, 24 желтоқсанда аяқталуы тиіс еді. Әуежайдың хабарлауынша, қазіргі кезде жөндеу аяқталған және 5 қазан күні сағат 01:00-ден бастап ұшу-қону жолағы қалыпты жұмысқа көшеді.
«Жөндеу кезінде негізгі магистральдағы ауданы 26 746,64 шаршы метр асфальт-бетон жабындысы, сондай-ақ алаңы 53 920 шаршы метр болатын ұшу-қону жолағындағы асфальтбетон жабыны ауыстырылған. Мердігер орындайтын қалған ұсақ-түйек жұмыстар ұшулардың тұрақтылығына әсер етпейді. Біз жолаушыларға және әуе компанияларына осы кезеңде түсіністік пен шыдамдылық танытқаны үшін алғыс айтамыз», – деп хабарлады әуежайдан.
Жөндеу жұмыстары кезінде әуежай түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ұшақтарды қабылдаған жоқ.