Жаңалықтар

Автокөлік иелерін міндетті сақтандыру бойынша сыйақының жаңа коэффициенттері бекітіледі

Автосақтандыру бойынша сыйақы көлемі өзгереді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру сыйақысын есептеуге қолданылатын түзету коэффициенттерінің мөлшерін өзгертеді. Бұл туралы қаулы жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияладн Оны талқылау 9 қазанға дейін жалғасады.

Биылдан бастап сақтандыру құнына басқа да параметрлермен қатар өңірлердегі апаттық жағдай да әсер етеді. Соған байланысты әр өңірге арналған түзету коэффициенттерін реттеуші орган жыл сайын бекітіп отырмақшы.

Яғни биылдан бастап, міндетті сақтандыру құны өңірдегі апаттық деңгейге байланысты болады. Апаттар аз болған сайын тариф те төмендеп, сәйкесінше сыйақы да азаяды. Баға сонымен қатар АЕК мөлшеріне (негізгі сақтандыру сыйақысы жылына 1,9 АЕК құрайды немесе 7 мың теңгеден сәл асады), автокөлік иесінің жасына және жүргізушінің өтіліне, көліктің тіркелген жеріне, пайдалану мерзіміне және сақтандырылған тұлғаның кінәсінан сақтандыру оқиғаларының болған-болмағанына байланысты анықталады.

Бұл өзгеріске сай 2025 жылы ең қымбат сақтандыру Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарының жүргізушілерінде болады. Ең арзан сақтандыру Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында болады.

Жобада келесі жылы түзету коэффициентін (сәйкесінше, сақтандыру құнын да) келесі өңірлерде арттыру ұсынылған: Алматы облысында – 1,06-дан 1,2-ге дейін, Түркістан облысында – 1,08-ден 1,36-ға дейін, Жамбыл облысында – 1,16-дан 1,41-ге дейін, Батыс Қазақстан облысында – 0,96-дан 0,99-ға дейін, Қызылорда облысында – 1,11-ден 1,43-ке дейін (өңірлер арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш), сондай-ақ Астана қаласында – 1,05-тен 1,17-ге дейін және Шымкент қаласында – 1,09-дан 1,29-ға дейін.

Ал мына өңірлерде: Жетісу облысында – 1,06-дан 1,01-ге дейін, Шығыс Қазақстан облысында – 0,82-ден 0,63-ке дейін, Абай облысында – 0,82-ден 0,69-ға, Қостанай облысында – 0,95-тен 0,94-ке, Қарағанды облысында – 1-ден 0,98-ге, Ұлытау облысында – 1-ден 0,84-ке, Солтүстік Қазақстан облысында – 0,8-ден 0,6-ға, Ақмола облысында – 0,92-ден 0,9-ға, Павлодар облысында – 0,88-ден 0,72-ге, Ақтөбе облысында – 0,88-ден 0,86-ға, Атырау облысында – 0,71-ден 0,44-ке, Маңғыстау облысында – 0,88-ден 0,71-ге, сондай-ақ Алматы қаласында – 0,88-ден 0,63-ке дейін керісінше төмендету жоспарлануда

Өткен жылы Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев жаңа түзету коэффициенттері енгізілгеннен кейін, нарық 15–20%-ға «тұрақсыздануы» мүмкін деген пікір білдірді. Оның айтуынша, «реттеуші орган сақтандырушылардың 50% сақтандыру төлемдерінен пайда табуы ұнамайды». Керімбаевтың сөзінше, реттеуші орган шығындылық коэффициентін 70% деңгейінде көргісі келеді. ҚНРДА өз кезегінде бұл тәсіл автосақтандырудың әділ құнын қамтамасыз етуге бағытталғанын және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйақыларын уақытылы жаңартып отыруға мүмкіндік беретінін атап өткен.