«Самұрық-Қазына» қорының екінші тоқсандағы табысы 25%-ға өсті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Самұрық-Қазына» қорының табысы өсті / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасы 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға өсіп, 1,43 трлн теңгені құрады. Екінші тоқсандағы табысы 25%-ға немесе 726,8 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған Қордың қаржылық есебінен белгілі болды.

Жарты жылдағы пайда негізінен тоқсандық операциялық пайданың және кірістің 9,3%-ға артуы есебінен өскен. Тоқсандық нәтиже де операциялық пайданың 17,7%-ға және кірістің 9,5%-ға артуы есебінен жақсарды. Жыл басынан бері активтер 1%-ға өсіп, 37,3 трлн теңгеге жетті. Бұл негізінен ақша қаражаттары мен олардың баламаларының үштен біріне, басқа айналым активтерінің үштен екіге және басқа да ұзақмерзімді қаржылық активтердің төрттен біріне жуық ұлғаюына байланысты болды.

Қордың міндеттемелері 3,7%-ға, 14,61 трлн теңгеге дейін қысқарған.

«Бұл көрсеткіш сатуға немесе бөлуге арналған активтермен байланысты міндеттемелердің, сондай-ақ басқа да ұзақмерзімді қаржылық міндеттемелердің, мемлекеттік қарыздар, сауда және басқа кредиторлық берешектердің 6,4 есе азаюы есебінен қалыптасты», – делінген есепте.

Есепте жеке капиталы 4,4%-ға өсіп, 22,69 трлн теңгеге жеткені туралы айтылады. Бұл негізінен бөлінбеген пайданың, есепті валютаны қайта есептеу резервтерінің, жарғылық капиталдың ұлғаюына және қосымша төленген капитал бағанының пайда болуына байланысты болған.

2024 жылғы шілдеде «Самұрық-Қазына» қоры жалғыз акционері ҚР Үкіметіне 2023 жылы бөлінбеген пайдадан 415,3 миллиард теңге көлемінде дивидендтер төледі. Бұл ретте қор еншілес ұйымдарынан 434,7 млрд теңге дивиденд алған.

«Самұрық- Қазына» қоры бұрын Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» компаниясының 100% жарғылық капиталын 9,3 млрд теңгеге сатып алатыны туралы хабарладық.

Сондай-ақ оқыңыз