Lifestyle

Сарапшылар 2024 жылғы ең сенімсіз көлік үлгілерін атады. Антирейтингте қандай авто маркалары бар?

2024 жылғы ең сенімсіз көлік үлгілері / Архив: kursiv.media

«What Car» британдық басылымы әртүрлі санат пен сегменттер бойынша ең сенімсіз автокөліктер рейтингін жариялады. Бұл тізім пайдаланушылардың сауалнамаларына негізделген. «Курсив» автобасылымның «қара» тізімін зерттеп, 2024 жылғы автокөліктердің антирейтингісін жасады.

Бұл тізім қазақстандық тұтынушылар үшін өзекті. Өйткені ұсынылған модельдердің көпшілігі елде бар.

Ең нашар премиум көлік

Толық жетекті Genesis G70 седан премиум модельдер арасында ең нашар деп бағаланды. Зерттеу авторлары атап өткендей, оның бәсекелестері әлдеқайда ыңғайлы, пайдалану арзанырақ және басқару оңайырақ. Жалғыз артықшылығы – опциялардың кең ауқымы.

Ең нашар жеті орындық отбасылық көлік

Mercedes EQV электрлі минивэн жеті орындық көліктер рейтингінде соңғы орынға ие болды. Модельдің негізгі кемшіліктері: электр қуатымен жүру қашықтығының аздығы, қымбат болуы және «баяу» мультимедиа. Сарапшылар сонымен қатар рөліндегі басқару мен ішкі әрлеудің нашарлығын атап өтті. Неміс көлігінің жағдайын жақсы қылып тұрған жалғыз нәрсе – салонының кеңдігі.

Ең нашар ықшам кроссовер

Америкалық Jeep брендіне тиеселі – Renegade-ні зерттеу авторлары «тойымсыз» деп, сенімсіз дизельді қозғалтқышына да тоқталды. Модельдің интерьері «өте қарапайым» және басқару элементтері ыңғайсыз. Сонымен қатар бәсекелестермен салыстырғанда қымбат. Дегенмен Jeep Renegade-нің де маңызды артықшылықтары бар. Сарапшылардың пікірінше, ол жол талғамау жағынан мықты.

Ең нашар хэтчбек

Kia XCeed – кроссовер мен хэтчбек қоспасы. Бұл оны бәсекелестерден ерекше етеді. Алайда негізгі артықшылықтары осы ғана. Корей үлгісінің негізгі кемшілігі бағаның сапаға сай еместігінде. Сарапшылар қозғалтқышта 1,5 литрліктен басқа түрінің болмауын, жолаушыларға арналған артқы орындықтардың ыңғайсыздығын да атап өткен.

Ең нашар электрлік кроссовер

Зерттеу нәтижелері бойынша Lexus UX 300e электр кроссовері өз санатында сарапшылардан нашар баға алды. Оларға толық қуатпен жүріс қашықтығының аздығы, баяу зарядтау және ақпараттық ойын-сауық жүйесіндегі кемшіліктер ұнамаған. Артықшылығы – өтімділігі мен бөлшектерінің қолжетімділігі ғана.