Құқық қорғау органдарында адалдыққа тексеретін жүйе енгізіледі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құқық қорғау органдарына адалдықты тексеру жүйесін (Integrity check) енгізу мақсатында «Кәсіби адалдықты тестілеу туралы» Заң жобасын әзірледі.
Агенттіктің мәліметінше, бұл құрал Австралия, Венгрия, Молдова, Румыния және АҚШ-та белсенді қолданылып, сыбайлас жемқорлық мінез-құлқын анықтауға бағытталған. Сондай-ақ, кәсіби адалдықты тестілеуді енгізу құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетіп, азаматтардың сенімін арттыруға ықпал етеді.
Заң жобасында тестіленуші мен тестілеушінің құқықтары мен міндеттері, тестілеуді тағайындау негіздері, оны жүргізу рәсімдері, жауапкершілік шаралары және басқа да мәселелер реттелген.
Адалдыққа тексеретін құрал бұған дейін ҚМА, ІІМ және ТЖМ органдарында пилоттық сынағынан сәтті өткен еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін спортқа бөлінген ақша айналымын ашық көрсететін «Е-SPORT» цифрлық платформасы іске қосылатыны туралы жазған едік.