Алиджан Ибрагимовтың ұлының компаниясы Алматыда құрылыс нормасын бұзған

Жарияланды
«Benta» ЖШС Алматыда құрылысын жүргізу кезінде жобадан ауытқыған / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

ERG компаниясының негізін қалаған кәсіпкер Алиджан Ибрагимовтың ұлы Даврон Ибрагимов Алматыда құрылыс жұмыстарын жүргізгенде6 заң бұзушылықтарға жол берген. Бұл жайлы Алматы әкімдігінің Қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Басқарманың мәліметінше, «Benta» ЖШС Autograph тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізу кезінде жобадан ауытқыған.

Атап айтқанда, компания Autograph тұрғын үй кешенінің қабаттылық нормасын бұзған. Эскиздік жобаға сәйкес, нысан 3 қабат + техникалық қабаттан тұруы қажет болған. Бірақ бұл кешеннің оңтүстік-батыс жағы 4 қабат боп қаланса, солтүстік-шығыс жағы 3 қабат боп тұрғызылған. Одан бөлек нысанның ең биік жері 18 метрге дейін жеткен. Ал құжатта рұқсат етілген биіктік небәрі 12 метр.

2022 жылы әкімдік ұсынысымен Алматы қалалық мәслихаты қала құрылысының ережесіне бірқатар өзгеріс енгізген. Сол өзгеріске сәйкес, әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан ғимараттардың биіктігі 3 қабаттан көп болмауы керек. Сонымен бірге құрылыс биіктігі жертөле қабатты қосқанда 12 метрден аспау тиіс.

«Қазіргі уақытта Autograph ТҮК-нің құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылып, бір ай ішінде бұзушылықтарды түзету және нысанды рұқсат беру құжаттамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берілді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Егер компания бұл талаптарды орындамаса, сотқа тартылып, нысан жартылай бұзылуы да мүмкін.

Ашық депреккөздерде «Benta» ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде Баимбетова Татьяна Николаевна және Ибрагимов Даврон Алиджанович көрсетілген.

Айта кетсек, бұл құрылыс тараптарын бұзған бірінші компания емес. Осыған дейін Алматыда «Мечта», KHAN, «Алма Гарден» және басқа тұрғын үй кешендері толық немесе жартылай сүрілген болатын. Жалпы 2023-2024 жылдар аралығында қалада 47 заңсыз нысан сүрілген. Заңсыз құрылысқа қатысты әкімдік сотқа 86 талап-арыз берген. Соның тең жартысына қатысты әлі сот үкімі шықпаған.

Сондай-ақ оқыңыз