Жаңалықтар

ҚазҰУ-да жаңа кампус салып, жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен 2,7 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді

ҚазҰУ
ҚазҰУ-да жаңа кампус салынып, инфрақұрылымы жаңғыртылады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да жаңа кампус салып, университет инфрқұрылымын толық жаңғыртуды көздеп отыр. Бұл шараларға Үкімет резервінен 2,7 млрд теңгеден артық қаражат бөлінеді. Бұл жайлы министрліктің «Ашық НҚА» сайтына орналастырылған қаулысында жазылған.

Қаражат «Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің «ҚазҰУ-град» жаңа кампусын салу және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолданыстағы инфрақұрылымын реконструкциялау шеңберінде жұмыстар және көрсетілетін қызметтерді сатып алынатын тұлғаларды айқындау туралы» қаулысына сәйкес Үкімет резервінен бөлінеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын уақтылы орындауды қамтамасыз ету мақсатында «ҚазҰУ-град жаңа кампусын салу және қолданыстағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инфрақұрылымын реконструкциялау» нысаны бойынша жобалау және іздестіру жұмыстарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 2 674 000 000 теңге мөлшерінде шұғыл шығындарға қаражат бөлу талап етіледі», – делінген құжатта.

Құжатта ҚазҰУ-град жаңа кампусын салу және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолданыстағы инфрақұрылымын реконструкциялау мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылатыны жазылған.

Еске сала кетсек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңсыз сатылған жеріне қатысты дау әлі шешілмеген. Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, Тимур Құлыбаевқа тиесілі компания сотта жеңіліп қалса да, Esentai Mall маңындағы бизнес-орталықтың құрылысы тоқтамаған. Депутаттың айтуынша, Алматының бұрынғы әкімдерінің қаулысымен университет жерінің бір бөлігі заңсыз иеліктен шығарылып, «OMIREX» ЖШС және «Atlas Development» ЖШС-не өтіп кеткен.

Сонымен бірге депутат Құлыбаевтың ҚазҰУ аумағындағы жер теліміне салынып жатқан бизнес-орталық үшін Алматы қаласы әкімдігінен 30 миллиард теңге өтемақы төлеуді талап етіп отырғанын айтты.

2017-2021 жылдар аралығында заңсыз сатылған жерді университетке қайтару туралы сот шешімі шыққан. Қызығы сол, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың Atlas development компаниясының меншігіне өтіп кеткен жер күні бүгінге дейін жоғары оқу орнына қайтарылмаған.