Антикор «Астана Банкінің» бұрынғы акционеріне іздеу жариялады

Жарияланды
Олжас Тоқатровқа іздеу
Антикор Олжас Тоқтаровқа іздеу жариялады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана Банкінің» бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа іздеу жариялады. Бұл ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының сайтына шыққан.

Іздеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы бойынша жарияланған.

«Тоқтаров Олжас Тәңірбергенұлы. Туған күні: 24.07.1980; жынысы: ер; Ұлты: қазақ, ҚР азаматы. Іздестіруді жүргізетін орган: Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі», – делінген сайттағы ақпаратта.  

Сонымен бірге іздестіру ісі 25 қыркүйек күні Астана өңірінде тіркелгені жазылған.

Тоқтаров экономикалық қылмыстар жасап, заң бұзды деген күдікке ілінген. Нақтырақ айтсақ, экс-акционер агенттік атынан қызмет көрсету туралы жалған құжат ұсынып, «SKK Tennasy Group» ЖШС-ның пайдасына Алматы қаласындағы бизнес-орталық ғимаратын заңсыз иеліктен шығару арқылы банк активтерін жымқырған деп күдікке ілініп отыр.

Осыған орай кеше, 25 қыркүйек күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Олжас Тоқтаровтың ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілігуіне байланысты, оған шақырту қағазын жіберген болатын. Агенттік күдіктінің Қазақстан аумағынан тыс жерде жүргенін, сол себепті күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру жіберіп жатқанын ескертті.

Құзырлы орган ескертпесіне сәйкес Тоқтаров 26 қыркүйек сағат 11:00-ге дейін агенттіктің әкімшілік ғимаратына келуі тиіс болған.

Ал мұның алдында агенттік «Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шақырту жіберген болатын. Ал 2023 жылы LRT ісі бойынша елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен LRT ЖШС директоры болған Талғат Арданға қатысты іс қаралып, олар 7 жылға сотталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз