Украинамен соғыста ядролық қару қолдануға мүмкіндік береді: Ресей ядролық доктринасына өзгеріс енгізбек

Жарияланды
Путин ядролық қару қолдана ма?
Путин ядролық доктринаға өзгеріс енгізілетінін мәлімдеген / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ресей президенті Владимир Путин ядролық доктринаға өзгеріс енгізілетінін хабарлады. Бұл өзгеріс Ресейдің Украинамен соғыста ядролық қару қолдануына мүмкіндік береді.

Путин Қауіпсіздік кеңесінің ядролық тежеуге арналған отырысын өткізген. Онда Ресейдің ядролық доктринасына енгізілетін өзгерістер талқыланған. Құжаттың жаңа нұсқасына сәйкес, кез келген атомдық қарудан бас тартқан мемлекет, Ресейге ядролық державаның қолдауымен қарсы соғысса, оларға Ресей ядролық жауап қайтара алады. Өйткені мұндай қадам олардың Ресейге бірлескен шабуылы ретінде қарастырылады.

«Құжатта Ресейдің ядролық қаруды қолдануға көшу шарттары нақты көрсетілген. Егер аэроғарыштық шабуыл қарулары пайдаланылса немесе олардың мемлекеттік шекарамыздан өтуін растайтын деректер анықталса, біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз ықтимал. Мен мұнда стратегиялық және тактикалық ұшақтар, қанатты зымырандар, дрондар, гипер дыбысты және басқа да ұшақтар жөнінде айтып отырмын», – деп мәлімдеген Ресей президенті.

Яғни енгізілетін жаңа ережелер енгізілсе, Украина Қарулы Күштері Ресей аумағындағы нысаналарға алыс қашықтықтарға қолданылатын Батыс қаруын пайдаланса, қарсы тарап ядролық қару қолдана алады.

Путин ядролық күштер ел қауіпсіздігінің негізгі кепілі екенін, Сол үшін әскери-саяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты Ядролық доктрина жүйелі түрде жаңарып тұруы қажет екенін атап өткен.

«Қазіргі уақытта әскери-саяси жағдай динамикалық түрде өзгеріп жатыр. Осы орайда Ресей мен оның одақтастары үшін де әскери қауіптер мен тәуекелдердің жаңа көздері пайда болды. Біз бұл жағдайды ескеруге міндеттіміз»,- деп мәлімдеген Путин.

Сонымен бірге жаңа өзгерістерге сәйкес, Ресей Беларуссияны да өз қорғауына алады. Егер қандай да бір мемлекеттен Ресейдің одақтас еліне агрессия жасалса, ол ядролық қаруды қолдануға құқылы. Путин бұл мәселенің барлығын Беларусь басшылығымен ақылдасып, келісілгенін жеткізген.

Ресей президенті ядролық доктринаға енгізілген барлық өзгерістер мұқият тексеріліп, әскери қауіптерге «пропорционалды» болатынын атап өткен.

Еске сала кетсек, Ұлыбританияның Украинаға британдық Storm Shadow зымырандарымен  Ресей аумағын атқылауға рұқсат берілгені хабарланды. Бұл зымырандар 300-500 шақырымға дейін ұша алады.

Сонымен бірге Ресей қорғаныс саласына жұмсалатын қаражат көлемін арттыруды көздеп отыр. 2025 жылы мемлекет Украинамен соғысқа 142 миллиард доллар жұмсамақшы. Солайша алдағы жылдың әскери шығындарына жұмсалатын қаражат 2024 жылмен салыстырғанда 22%-ға артпақшы.

Сондай-ақ оқыңыз