«ҚазМұнайГаз» бен «Лукойлдың» тең үлесі бар «Қаламқас-Хазар» жобасын жүзеге асыру барысында отандық өнім өндірушілерге басымдық беру көзделіп отыр. Бүгін, 26 қыркүйекте Алматыда KazService және Kalamqas-Khazar Operating мұнай-газ саласында тауар және қызмет ұсынатын жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, ынтымақтастықтың талап-ережелерін талқылады.
Kalamqas-Khazar Operating өкілдері жақында төрт үлкен EPC-келісімшарт жасалатынын айтты. Әңгіме тендерлер туралы болып отыр. Мердігерлер тағы да компанияларды тартқан кезде барынша жергілікті өнім өндірушілерге артықшылық берілмек. Шетелдік компаниялар ішкі нарықта баламасы болмаған жағдайда ғана тартылады.
Kalamqas-Khazar Operating бас директорының бірінші орынбасары Нұрболат Шахиұлы мұның мемлекет жүктеген міндеттердің бірі екенін айтты. Жоба акционерлерге де, елімізге де тиімді болуы шарт.
«Талаптардың бірі – жергілікті компанияларға көбірек жұмыс беру, тауарлар мен қызметтерді солардан сатып алу. Біз осы жұмысымызды бастадық. Жергілікті нарықты талдап, сараптап, ақпарат жинап жатырмыз. Сол ақпарат бойынша жоспар құрамыз. Мердігер компанияларға «мынадай тауары бар, мынадай қызмет көрсете алады екен, міндетті түрде солардан аласыңдар» деп міндеттейміз. Жергілікті компаниялардың тізімін береміз. Бүгінгі жиынның мақсаты – осы», – дейді Нұрболат Шахиұлы.
Отандық өнім өндірушілер тендердің ашықтығы, орындалу мерзімдері және басқа да көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
«Қаламқас-Хазар» жобасы бойынша жылына 4 млн тонна мұнай өндіру күтіліп отыр. Жобаға 6 млрд доллардан астам инвестиция салынбақ. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, 2029 жылға дейін жалғасады. 2030 жылға қарай мұнай өндіріле бастайды.
Kalamqas-Khazar Operating – «Қаламқас-Хазар» жобасының операторы. Акционерлері – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (50%) және Ресейдің ең ірі мұнай-газ компаниясы «Лукойл» (50%).
Мұның алдында «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» компаниясы «Қаламқас-теңіз және Хазар» жобасы бойынша мердігерді таңдауға кіріскенін жазған болатынбыз.