KazService президиумы төрағасы Рашид Жақсылықов Кursiv-ке үкімет басшыларының мұнай саласын дамытуға көзқарасы, Қашаған жобасының «әділетсіз» шарттары, жаңа жобалар бойынша инвесторға қойылатын талаптар, инвестициялық климат, мұнай өндірісі және кеніштердің тозығы жетуі жөнінде пікір білдірді. Ол Қазақстан мен инвесторлар арасында жасалған келісімшарттар әділетсіз деген пікірмен мүлде келіспейді. Өйткені мұнай-газ өндірісі қазір мемлекет бюджетінің 45%-ын, ал Ұлттық қордың 75%-ын толтырып тұр.
Оның айтуынша, мұнай саласын дамытуда олқылықтар бар. Премьер-министрлер жиі ауысқанымен, жаңа келген үкімет басшысының ешқайсысында мұнай өндірісіне қатысты нақты бағдарламасы болмаған.
«Қазір үкімет басшыларының неге келіп, неге кетіп жатқанын ұқпай жатырмыз. Айталық, «Қаламқас-Хазар» жобасын іске асырып жатқан азаматтар не істеу керек екенін нақты белгіледі. Көп сұрақтың жауабын беріп жатыр. Бізде мемлекет пен бизнес арасында осындай диалог жоқ. Бізге мемлекеттік әлеуметтік қолдауы қажет емес, бизнесті дамытуға мүмкіндігі қажет», – дейді KazService президиумы төрағасы.
«Компанияларымыздың қолында сүймен ғана болды»
Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Қашаған туралы келісімшарт жасасқан кезде, елдің экономикалық ахуалы хәл үстінде болды. Жер қойнауын игеруге ақша таппақ түгілі, мамандардың өзі болмады. Қазақстанда 1990 жылдары 25 млн тонна мұнай өндірілген. Бірақ ол Мәскеуден басқарылды. КСРО ыдырап, әр республика тәуелсіздігін алған кезде, Ресейден келген мамандар да отандарына кетіп қалған.
«Инвесторлардың көлеңкесінде жүріп дамыған компаниялардың қолдарында ол кезде тек қана сүймен болды. Басқа техниканың бірі де болмады. Инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істеудің арқасында қазір ең шағын қазақстандық компанияның өзінде жоқ дегенде 3000-ға жуық техника бар. 11 мың адамға жұмыс беріп отыр», – дейді ол.
Осы жобалардың арқасында Қазақстанның мұнай саласында 200 мыңнан аса азамат жұмыс істеп жатыр.
«Бұл – отбасын қоса алғанда, бір миллион адам. Ұлттық қордың 75%-ын мұнай өнімі беріп отыр. 25 миллионнан 90 миллион тоннаға жеттік. Енді 125 миллион тоннаға жеткіземіз деп мақсат қойып отырмыз. Бұдан кім ұтылды?», – дейді Рашид Жақсылықов.
Енді инвесторларға қойылатын талаптар қандай болмақ?
Сол кезде жасалынған келісімшарт пен қазіргі келісімшарттардың айырмасы да жер мен көктей. KazService президиумы төрағасының сөзіне қарағанда, біздің ұлттық компания 50% қожайын болуы тиіс. Қазірдің өзінде ұлттық компанияның үлесі көп жобаларда 25%-дан аспай отыр.
«Үлесі – 50%-дан кем болмауы керек және ол жерде 99% Қазақстан азаматтары жұмыс істеуі қажет. Инвесторларға міндетті түрде өндіріс ошақтарын ашуды міндеттеу керек. Мамандарды дайындадық, техника алдық. Енді бізге өндіріс қажет. Кез келген дамыған экономиканың іргетасы – өндіріс. Тапқан табысымызды қажетті тетіктерге жұмсап, Қытай немесе АҚШ-тың өндірісін байыта беретін болсақ, біз ешқашан дамымаймыз», – дейді Рашид Жақсылықов
Айтуынша, қазір бізде мұнайдан басқа экономиканың локомативі жоқ. Сондықтан мұнай-газ өндірісін қолдау – өте маңызды.
Жеңіл мұнай дәуірі аяқталды, ауыр мұнай дәуірі басталды
«Жеңіл мұнай дәуірі» және «ауыр мұнай дәуірі» деген ұғымдар бар. Біз жеңіл мұнай дәуірін артқа тастап отырмыз.
«Бұрын 2 мың метр тереңдіктен мұнай өндіре беретін едік. Енді күннен-күнге мұнай алу қиындап жатыр. Қазір 5 мыңнан 7 мың метр тереңдікті қазамыз. Қытай мемлекеті қазір 15 мың метрден алып жатыр. Басқа елдерде де сондай. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың басындағы жағдай», – дейді Рашид Жақсылықов.
Оның сөзінше, «ауыр мұнай дәуірі» басталып жатыр. Жеңіл мұнайға салынған қаражат 600 млрд доллар көлемінде. Ал ауыр мұнайға үш есе көп қаржы жұмсалуы мүмкін.
«Қазір мұндай қаражат мемлекетте бар ма? Ұлттық компанияларда ше? Жеке адамдарда бар ма? Әрине, жоқ. Сондықтан инвестор іздейміз. Инвестордың қаражатына тәуелдіміз», – дейді экономист.
Қазақстан шикізатын табаққа салып, шетелдіктердің алдына қойып жатыр ма?
KazService президиумы төрағасы мұндай ойдан аулақ болуға шақырып отыр. Өйткені кез келген экономикалық жоба инвесторсыз бітпейді. Оның екі «анасы» болады. Біріншісі – идея, екіншісі – инвестиция. Бұл екеуінсіз жоба іске аспайды.
«Қазір дүниежүзіндегі алпауыт мемлекеттердің өзі инвесторлар үшін үлкен «соғыс» жүргізіп жатыр. Мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бизнеске қатысты заңдарын жеңілдету арқылы инвесторларды өзіне тарту амалдарын жасайды. Бұл жерде, алдымен «инвесторлар бізге келе қоя ма екен?» деген сауалға жауап іздеу керек. Инвесторлар оңайлықпен келе қоймайды», – дейді Рашид Жақсылықов.
Оның пікірінше, әлемдік нарықта бекітілген бір ғана баға бар. Біздің мемлекетте ғана екі баға бар. Олар – әлемдік нарық бекіткен баға мен өкіметтің халыққа бекіткен бағасы. Әлемдік нарықта мұнай бағасы – 75 доллар болса, ішкі нарықта – 18 доллар.
«Егер инвесторлардан халыққа 18 долларға мұнай сұрасақ, ол салған жүздеген миллиард долларын қай кезде қайтарып алмақ? Сондықтан баға теңестірілуі керек. Бұл Қазақстан азаматтары үшін ауыр болуы ықтимал. Бірақ келе-келе үйренеді. Біз нарықтық экономиканы қолдайтын болсақ, әлемдік нарықтың тәртібімен өмір сүріп үйренуіміз керек. Инвесторлар келсе, оларға не айтарымызды білеміз. Бірақ оларды келтіру үшін не айтарымызды білмей отырмыз», – дейді Рашид Жақсылықов.
Қазақстан «Қашаған» бойынша инвесторлармен соттасып жатқаны мәлім. Бұл да инвесторлар үшін жақсы жаңалық емес.
«160 миллиард қаражатты мойындарына іліп жатыр. Осы жағдайды басқа инвесторлар қарамай отыр ма? Бұл жерде кешенді түрде шешуді талап ететін мәселелер бар», – дейді Рашид Жақсылықов.
Мұнай өндірісі неге тозып кетті?
Қазір Қазақстанда 92 миллион тонна мұнай өндіреді. Соның 60 млн тоннасы үш алпауытқа – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ жобаларына тиесілі. Қалған 30 миллион тонна Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылордадағы кеніштерден өндіріліп отыр. Бұлар ескіден келе жатқан – кеніштер.
Рашид Жақсылықов тозудың үш себебін атап берді. Біріншісі, кеніштерді жабайы түрде пайдалану. Бұған технологиялардың болмауы, ғылымның жетістіктерін пайдаланбау түрткі болды.
Екіншісі – жаңғыртуға қаражаттың жоқтығы. Мұның де өзіндік себептері бар екен. Жер қойнауын игеріп жатқан кішігірім компаниялар ішкі нарыққа жұмыс істеп жатыр. Олар өнімін 18 долларға сатуға мәжбүр. Мұның салдарынан маман дайындауға, техникасын жаңартуға, геологиялық барлау жасауға немесе кәсіби жөндеу жұмыстарын жасауға қаражаты қалмай жатыр.
Үшіншісі, салақтық.
«Қызылорда 2017 жылы 9,5 миллион тонна мұнай өндіретін еді. Жеті жыл ішінде өндіріс 5 миллионға қысқарды. Мұндай көрсеткіш Ақтөбе облысында да, Маңғыстау облысында да бар. Маңғыстауда еңбек дауы, ереуіл көп. Өйткені өндіру азайып, жұмыссыздық көбейіп жатыр. Оларды жұмыспен қамту міндеттелсе, қалған өндірістің өзін өлтіріп алу қаупі бар», – дейді ол.
Оның пікірінше, басқа компанияларға да аталған үш алпауыт секілді шетелге мұнай сатуға мүмкіндік беру қажет. Мемлекет геологияны қолға алуы қажет.
«Құмкөлде болып жатқан жағдай Теңізде болмайды деп кім кепілдік бере алады? Уақыты келгенде ол да тозады. Мұнай-газ саласын жоғалтып алсақ, экономикамызды қалай дамытамыз? Бұл сұрақ мемлекетті қатты толғандыруы керек», – дейді Рашид Жақсылықов.