Lifestyle

Қазақстан командасы Португалиядан есе қайтарып, футзалдан ширек финалға өтті

Қазақстан футзалдан ширек финалға өтті/ Фото: kursiv.media

Өзбекстанда футзалдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ерлік жасады. 1/8 финалда Португалия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Сөйтіп елдегі аяқдопшылар ширек финалға шықты. Келесі кезеңде Қазақстан құрамасы Аргентина мен Хорватия кездесуінде жеңіске жеткен командамен кездеседі. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Бұған дейін қазақстандық құрама биылғы чемпионаттың топтық кезеңінде жеті ұпай жинады.

Жалпы Қазақстан футболшылары Португалиямен ресми ойындарда үш рет кездескен. Соның бірінде – 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде 3:1 есебімен жеңіске жеткен. Ең соңғы кездесу 2021 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында өтті. Пенальти сериясында португалиялықтар басым түсті.

2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстан футзал құрамасы ӘЧ-2024 элиталық кезеңін жеңіспен аяқтады.

Айта кетейік, «Жеңіс» пен «Астана» футбол клубтары Қазақстан лига кубогының финалына өтті. Бұл туралы Qazaqstan Football league хабарлады. Енді «Жеңіс» пен «Астана» арасындағы лига кубогының финалдық матчы 24 қарашада өтеді. Бұл турнирдің сыйақы мөлшері 1 миллион долларды құрайды.