Жаңалықтар

Мейрамханаға керек маркетиң: трендтер мен антитрендтерге шолу

Мейрамханаға қандай маркетиң керек / Фото: kursiv.media архивінен

Әдемі атмосферада отырып отбасымен кешкі ас ішетіндер не шыныаяқ кофе ішуді дәстүрге айналдырғандар саны күн өткен сайын артып келеді. Мұндайда келген клиенттің көңілінен шығып, келесіде де сізді таңдауы үшін заманауи маркетиң тәсілдерін білуіңіз керек. Тренд те жыл сайын ауысып отырады. Сондықтан көштен қалмай ілесе беру керек. Бүгінгі материалымызда мейрамханаға арналған маркетиңдегі трендтер мен антитрендтерге тоқталамыз.

Мейрамхана маркетиңіндегі трендтер

Қазір қарапайым әрі күнде жеп жүрген тамақтарға сұраныс артып жатыр. Бала кезден жақсы таныс тағамдарды әдемілеп ұсына алсаңыз, ұтылмайсыз. Дәстүрлі қазақы тамақтарға қоса, әлемдік стрит-фудты да ұмытпаңыз. Сонымен бірге басқа бар, кафе, мейрамханалармен коллаборация жасауға да болады. Мысалы, сіз бәліштерді күшті пісіресіз, сонымен танымалсыз. Олай болса, кофе мен шайы керемет жермен келісіп, бірге жұмыс істеп көріңіз. Болмаса, арагідік әріптестермен бірлесіп бранчтар жасау да — жақсы идея. Қазір жергілікті асхана сәнге айналғанымен қоса, аутентик бастамаларға да көпшілік керемет қарайды. Мәселен жақын маңдағы шаруа қожалығымен келісіп, солардың өсірген қызанағы мен қиярын сатып алып, сол арқылы отандық өнімге акцент қоя аласыз.  

Қазір мейрамхана иелеріне ескеру қажет маңызды дүние: ситуатив креатив қосу. Мысалы, елде бір шулы жағдай болып жатса, соны өз пайдаңызға қолдана аласыз. Айталық, бір бәсекелесіңіз мәзір қазақша болмағаны үшін не даяшы мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін сынның астында қалды делік. Мұндайда тез арада сол қате өзіңізде болса жөндеп, басынан қазақша жазатын болсаңыз, соған екпін түсіріп креатив жасап көрсеңіз болады. Әлбетте, жығылғанға жұдырық қыл демейміз. Әйтсе де, «қазақша амандасқан клиентке жеңілдік береміз» дегендей түрлі клиент тартатын әдіс қоса аласыз.

Маусымына қарай — мәзірі. Бұл мейрамхана ісіндегі басты қағидалардың біріне айналып келеді. Өйткені мәзір өзгеріп, ауысып отыруы керек. Әйтпесе, клиент жалығып кетеді. Мәзірге жаңарту арқылы тұрақты келушілерді қызықтырып, жаңа қонақтар тарта аласыз. Мұндайда маусымдық мәзір жақсы шешім бола алады. Біріншіден, мұндай кезде дәл қазір актуал азық-түліктер қолданасыз. Жаз болса, жидек, қыс болса — мандарин дегендей. Екіншіден, жаңа ингредиенттерді уақытша қосып, сынақ жасап көруге таптырмайды. Клиенттер қалай қабылдайды, өте ме — тексеріп көресіз. Сондағы сұранысқа қарай ол позицияны мәзірде қалдырасыз ба, әлде қоспай-ақ қоясыз ба белгілі болады. Сонымен қатар өзге елдердің асханасына қызығушылық қандай екенін үнемі бақылап отыру керек. Өйткені тренд ауысып тұратындықтан, талғам мен қызығушылық та соған қарай өзгереді. Мысалы, Таяу Шығыс тағамдары аяқ-асты сұраныста болып қалуы мүмкін. Мұндайда уақытылы реакция білдіріп, сынап көруден қорықпау керек.  

Әлеуметтік желіні белсенді жүргізу керек. Бұл ережені айтпаса да білетін боларсыздар. Дегенмен мейрамхананың желідегі парақшасы әдемі тамақтың суреті мен Reel видеолармен шектелмеуге тиіс. Парақшаңызды сіз клиенттердің лоял комьюнитиі қыла аласыз. Ол үшін не істеу керек, соған тоқталайық:

  • Инфлюенсерлермен жұмыс істеңіз. Мейрамханаңызға шақырыңыз, бағасын біліңіз. Серіктестік сәтті іске асуы үшін блогердің тұратын жері, желідегі салмағы, аудиториясы — бәрі назарға алынуға тиіс. Әйтпесе, құндылықтарыңыз сәйкес келмесе, бәрі бекер.
  • Блогерлерді қонаққа шақырып қана қоймай, оларға жаңа мәзір шыққан кезде дәм татуға тамақты үйіне жіберуге болады. Оған инфлюенсер қуанып қалады, желіге салады. Ерекше ұсына алсаңыз, әсер соғұрлым жағымды болады. Белгілеп салып, рахметін айтқаннан сізге де — қосымша пайда. 
  • Әр тамақты ұсынған кезде оның визуал әдемі, эстетикаға толы болғаны жақсы. Сонда көрген қонақ таңғалып, еріксіз желіге жүктегісі келеді. Өзіңізді танытудың тегін тәсілі десек болады.
    • Күнде stories салып тұрыңыз. Парақшаңыздың «тірі» екені көрініп тұрғаны абзал. Аккаунтыңыз жанданып тұрсын. Залдағы атмосфераны көрсетіңіз, командамен таныстырыңыз, жұмыс процесін түсіріңіз, белгілеп салғандардың фото-видеоларын өзіңізге репост жасаңыз.
    • Тамақтардың суретін салып тұрыңыз. Бір қарағанда бесенеден белгілі тәсіл болып көрінер. Дегенмен осы әдіс әлі де өзекті. Осы арқылы аудиторияны қызықтыра аласыз. Көрген адам жегісі келіп кететіндей қылып түсіре алсаңыз болғаны.
    • Мәзірде бар тамақтар мен сусындарды көрсете бермей, ингредиенттерді қайдан алатыныңызды да салып отырсаңыз болады. Тамақ қалай жасалады, қалдықтарды қалай өңдейсіз — осыларды салып отырсаңыз, мұның бәрі сізге салмақ қосады. Өйткені бәрін қамтып көрсетіп отыратын жерге көпшіліктің сенімі арта түседі.
    • Пікір жазғандарға, белгілеп парақшасына салғандарға міндетті түрде жауап беріп, рахмет айтыңыз. SMM-маман әзілқой, жан-жақты болса, кейде қалжыңдап қойсаңыз да артық етпейді.
    • Негатив пікір алсаңыз, оған жылдам реакция білдіріңіз. Жазған адамды бұғаттап, пікірді өшіруден сақ болыңыз. Бұл — кәсібилікке жатпайтын қадам. Кемшілік шықты ма — реттеңіз. Бәріне бір жауап бере бермей, әр жағдайды жеке қарастырып үйреніңіз. Жауаптар шаблон түрінде берілсе, бұл кері реакция береді. 
    • Құпия емес, жасалу жолы қарапайым рецептілерді арасында салып, көрсетіп отыруға болады. Сіздің мейрамханадағыдай тамақты үйде де жасай алатынын сезу клиентке жағымды әсер сыйлайды. Әлбетте, сіз жайлы да жақсы ой қалыптасады. Жылы қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. «Осыны үйден жасап көріп, бізді белгілеңіз» деп call to action жасауға да болады.
    • Қалаңыздағы іс-шараларда фуд-трактар орнатуға болады. Жылжымалы тамақтанатын орын да — биылғы трендтің бірі. Брендтер негізгі локациясына байланбай, көпшілік жиналатын жерлерге де бара алады. Мұндай тәсілдерді қазақстандық бизнес иелері қолданып жүр. Түрлі фестивальдерде фуд-трактарын орнатып, сүйікті клиенттеріне жақындап жатыр. Біле білсеңіз, шағын киоск ашқаннан осы фургон арзанырақ шығады. Есесіне, қалаған жеріңізге апарып қоя бересіз.

Антитрендтер

Не істеу керек екенін айттық. Енді не істеуге болмайтынына кезек берейік. Электрон лоял жүйе болмаса, басты қателіктің бірін жасадым дей беріңіз. Яғни мейрамхананың ыңғайлы бонус бағдарламасы болмаса, онда келушілермен жақсы қарым-қатынас орнатуы қиын. Лоял жүйеге тіркелген кезде әр клиент өз деректерін қалдырады. Сол арқылы сіз база жасайсыз. Барлық жаңалықтан хабардар болып, олардан кері байланыс алып отыру үшін бағдарлама қажет-ақ. Бонус бағдарлама екіжақты жұмыс істейді: сізге база береді, клиенттерге де пайдалы тұсы болады. Мысалы, жеңілдік не тегін десерт, сусын дегендей. Олай болса, лоял бағдарламаның артықшылықтарын тізіп шығайық: 

  • Клиент тартуға көмектеседі. Айталық, сұранысы мен қалауына қарай жеке ұсыныстар жолдап отыруға болады. Болмаса, бонус ұпайлар жинап, әлдене ұтып алуға мүмкіндік беріңіз. «Әр бесінші сусын — сыйлыққа», «6000 теңгеден асқан әр тапсырысқа — сыйлық» дегендей немесе басқаларға берілмейтін эксклюзив жеңілдік, тағам не іс-шараларға шақырту жібере аласыз.
  • Статистика жинап, фидбәк алып отыруға мүмкіндік береді. Лоял бағдарлама қатысушыларының базасы қолда бар болса, клиенттің бір келгеннен кейін қайтып келе ме, жоқ па, не алады — соны тексеріп отыруға болады. Сонымен бірге сауалнамалар өткізіп, түрлі сегменттің сұраныс-қалауын бақылап отыра аласыз. 

Енді антитрендтерге оралайық. Келесісі — инкогнито-шеф. Кафелер мен мейрамханалар бас аспазды көрсете бермейді. Мәзір даярлайтын, тамақ істейтін адамдарды көрсеткен сайын адамдардың қызығушылығы артып, жақын байланыс орнай бастайды. Бас аспазды танымал қылып, мәзірге «шеф пісірген тағам» деп жаңа позициялар қосуға болады. Әлеуметтік желіде шеф туралы посттар жазып қойған да артық етпейді. Бәлкім, тұрақты айдар ретінде оның атынан кеңестер шығарып тұрарсыз. Бас аспаздың тамағын татуға келетіндер көбейері сөзсіз.

Дұрыс тамақтануға қатысты көзқарас әлі ескі болуы мүмкін. Мысалы, бұрын калориясы аз, веган тамақтар трендте болды. Бірақ қазіргі тренд — тойымды, бірақ құрамы түсінікті әрі қарапайым тамақ жегісі келеді. Яғни калориясы аз химиялық қоспаларды қазір жақтыра бермейді. Мысалы, көпшілік тамақтанатын орындар қазір өсімдік етінен гөрі (жануар етіне түрі мен дәмі ұқсайтын, бірақ өсімдік ақуызынан жасалаты ет) көкөніс ұсынғанды жақсы көреді. Мәзірде кәді, ұсақталған дәнектерден жасалған тамақтар көбейген. Суши-мейрамханаларда сәбіз бен балдыр қосылған веган ролды жиі кездестіруге болады. Ал еуропалық және америкалық тамақтанатын жерлер ет пен балықтың орнына балдыркөкті қолданатын болған. Пешке пісіріп, одан кейін қуырады немесе стейк, тартар жасайды.  

Инновациялық мәзір бар деп мақтануға тырысатындар болады. Бірақ бұл да — антитренд. Себебі түрлі веган, sugar-free және глютенсіз позициялар қазір міндетті болып кетті. Әлемдік шефтер өздерінде мұндай тамақ барын айқайлап айтпайды. Қазір бұл жай ғана мейрамхананың клиенттерін сыйлайтынын көрсететін амал ғана. Яғни сіздің кафеден кез келген адам өзіне ұнайтын тағам таба алатынын осылайша білдіресіз. Олай болса, веган тамақтарға мәзірден бөлек бет арнап әуре болмасаңыз болады. Жай ғана ортақ мәзірге қосып, төбесіне белгі салып қойсаңыз жеткілікті. Болмаса, кез келген тамақты клиенттің қалауына қарай веган форматта ұсына алатындай ойластырсаңыз болады.

Тамақтарға ерекше атау беремін деп түсініксіз қылатындар бар. Қазір қонақтар алдына келетін тамақты мәзірден көргеннен-ақ түсінгісі келеді. Метафора қосылған атаулар беріп ерекшелену керек емес. Одан гөрі шефтің авторлық тамақтарына басымдық беруге күш салыңыз. Мейрамхана концепциясына сай келетін бірегей позициялар ойластырыңыз. Бірақ ондай кезде құрамын нақты жазып қойыңыз. Өйткені бұған дейін айтқанымыздай, тренд сондай — адам не жейтінін біліп, түсініп отырғысы келеді.