Астана әкімдігі қарттар күніне орай зейнеткерлерге біржолғы төлем үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөледі
Қарттар күніне орай елорда зейнеткерлері біржолғы әлеуметтік көмек алады. Бұл мақсатқа Астана әкімдігі 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлмекші.
Осылайша 107 мыңнан астам елордалық әр қарияға 9 мың 230 теңге мөлшерінде бір реттік жәрдемақы беріледі.
«Қарттар күніне 2,5 АЕК (2024 жылы 9 230 теңге) мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемдермен елорданың 107 мыңнан астам қарт азаматын қамту жоспарлануда. Төлемдер екі кезеңде өтеді: бір бөлігі қыркүйектің соңында, екіншісі қазанның бірінші онкүндігінде», – делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, біржолғы төлем өзге себептерге байланысты мемлекеттен көмек алмайтындарға беріледі. Мәселен, өзге елдердегі соғыс қимылдарына қатысушылар және оған теңестірілгендер, мүгедектер, көпбалалылар санатындағылар аталған төлемді алмайды.
Қарттар күніне арналған төлемдер туралы шешім бір жыл бұрын Астана қаласы мәслихатының сессиясында қабылданған болатын. Әлеуметтік көмек көрсету ережелеріне сәйкес, егде жастағы елордалықтар жылына бір рет Қатаркөл көлінің жағасындағы Щучье-Бурабай курорттық аймағында, сондай-ақ «Ақсу-Демі» және «Sapa» аймағында санаторлық-курорттық емделуге құқылы.
Сонымен қатар қала зейнеткерлері үшін қоғамдық жолаушылар көлігі маршруттарында (таксиден басқа) тегін жол жүру мүмкіндігі де қарастырылған.
Айта кетейік, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен аталмыш мейрам 1991 жылдан бері жыл сайын тойланып келеді.
Еске салсақ, осыған дейін БЖЗҚ 2050 жылға қарай Қазақстанда «демографиялық қарттық» тіркеліп, әр алтыншы адамның жасы 60-тан жоғары болатынын мәлімдеген еді. Есепке сүйенсек, бұл көрсеткіш мәні 16,0%-бен 19,8% аралығында құбылып тұр. Базалық сценарийге сай қарт адамдар үлесі – 17,6% болады.