Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Трамп нарықтарға неге қауіпті, Қытайдағы жаңа қолдау шаралары, АҚШ-тың ЖІӨ көрсеткіштері

Фото: REUTERS/David Dee Delgado/File Photo

Екінші тоқсандағы АҚШ экономикасының өсімі сарапшылардың болжамдарынан асып түсті. Қытай экономикасын көтеру үшін арнайы облигациялар шығарып жатыр. Ал Дональд Трамптың реформалары АҚШ-та инфляцияны күшейтіп, экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін. Осы және өзге де тақырыптар туралы 25 қыркүйектегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

АҚШ жалпы ішкі өнімін үшінші рет бағалау екінші тоқсандағы 3%-дық өсімді растады 

АҚШ экономикасы екінші тоқсанда жылдық көрсеткіш бойынша 3%-ға өсті деп хабарлады Экономикалық талдау бюросының үшінші бағалауы. Бұл Уолл-стриттің (2,9%) болжамынан жоғары деп жазды Yahoo Finance. «Қайта қаралған деректер АҚШ экономикасы 2025 жылы да жақсы қарқынмен өсетіндігіне деген сенімімізді нығайтады», – деді Oxford Economics бас экономисінің орынбасары Майкл Пирс клиенттеріне арналған жазбасында.

Goldman Sachs үшінші тоқсанда ЖІӨ-нің 3%-ға өсуін болжайды. «Экономика тұрақты қарқынмен өсіп келеді. Инфляция төмендей бастады», – деді Пауэлл 18 қыркүйекте пайыздық мөлшерлеме жөніндегі отырыстан кейін. — «Еңбек нарығы жақсы жағдайда тұр. Біз осы көрсеткішті сол деңгейде ұстап қалғымыз келеді».

Дональд Трамптың жоспарлары инфляцияны күшейтіп, АҚШ-тағы өсімді баяулатуы мүмкін 

NYT басылымы АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамптың мигранттарды депортациялау, тарифтерді көтеру және Федералдық резервтің тәуелсіздігін шектеу туралы ұсыныстары елдің экономикалық өсіміне зиян келтіріп, инфляцияны күшейтуі мүмкін деп жазды. Мұндай қорытындыларды Петерсонның Халықаралық экономика институты жасаған.

Бұл институт өзін тәуелсіз деп атайды. Мекеме республикалықтардың үміткері Трамп Америкадағы өндіріс «ренессансын» құру жоспарын ұсынғаннан кейін өз бағаларын жариялады. Ол корпоративтік салықтарды төмендетіп, арнайы реттеу арқылы өсімді қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Трамп миллиондаған мигрантты депортациялап, бүкіл әлемнен импортқа жаңа баж салығын енгізуді қалайды. Дегенмен, экономистердің ойынша, бұл АҚШ-тағы экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қысқартып, инфляцияның күрт өсуіне әкеледі.

Егер Трамптың жоспарлары жүзеге асатын болса, 2028 жылға қарай АҚШ-тағы тұтыну бағалары ағымдағы болжамдардан 28%-ға жоғары болады, ал инфляция деңгейі 9,3%-ға жетеді. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісі төмендеп, тұтынушылық сұраныс пен жұмыспен қамту азаяды деп болжанып отыр.

Қытай экономикасын көтеру үшін арнайы облигациялар шығарады 

Asia Financial Қытай шамамен 2 трлн юань (284,4 млрд доллар) көлемінде арнайы облигациялар шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Облигациялардан түскен қаражат азаматтардың тұтыну тауарларын сатып алуды субсидиялауға, сондай-ақ екі және одан да көп баласы бар отбасыларға қолдау көрсетуге жұмсалады.

Бұл қадам тұтынушыларды ынталандыру мен экономикалық өсімді арттыруға бағытталған кезекті бір шара болып саналады. 1 трлн юань жергілікті билік органдарына қарыз мәселелерін шешуге көмек көрсету үшін пайдаланылатын болады. Қазіргі уақытта жергілікті биліктің жалпы қарызы 13 трлн юаньға жеткен.

Ұлыбританиядағы тұтынушылардың көңіл-күйі нашарлай түсті

Ұлыбританияның Бөлшек сауда консорциумы BRC британдық үй шаруашылықтарының елдегі жалпы экономикалық жағдайға берген бағасы теріс сипатта екенін хабарлады – ол минус 6-ға дейін төмендеді. Бұл өткен айдағы минус 1 көрсеткішінен нашар. Бұл 2023 жылдың қыркүйегінен бергі ең төмен деңгей, деп жазды Reuters.

Мұндай көңіл-күйге жаңа лейбористік үкіметтің бірқатар шарасы себеп болды. Атап айтқанда, зейнеткерлерге арналған әлеуметтік төлемдердің тоқтатылуы және салықтардың көтерілу бағдарламасы. Өткен аптада S&P Global Ұлыбританиядағы іскерлік белсенділіктің төмендегенін хабарлады. Өйткені кейбір компаниялар салық және еңбек заңнамасындағы өзгерістерге байланысты жоспарларын кейінге қалдырған. Өткен аптада сондай-ақ GfK тұтынушыларды зерттеу нәтижелері жарияланды. Оның көрсеткіштері алты айдағы ең төмен деңгейге түскен. Негізінен бұл алдағы бюджеттің шығуына байланысты алаңдаушылықтан туындаған.