Жаңалықтар

Сауд Арабиясы нарықтағы үлесінен айырылмас үшін мұнай өндірісін 1 желтоқсаннан арттыруға ниетті

Сауд Арабиясы мұнай өндірісін арттыра ма / Фото: shutterstock.

Сауд Арабиясы мұнай өндірісін үлғайту мен нарықта басымдыққа ие болу үшін барреліне 100 доллар деген бейресми мақсатты бағадан бас тартуға дайын. Бұл туралы елдің ұстанымымен таныс ақпарат көздеріне сілтеме жасап Financial Times хабарлайды.

FT басылымының мәліметінше, мұнай бағасының арзандауына әкеп соқса да, Сауд Арабиясы 1 желтоқсаннан бастап қара алтын өндірісін арттыруға ниетті. Газет дереккөзі королдік нарықтағы өз үлесін жоғалтуға мүдделі емес екенін жеткізген.

Осы ретте ICE биржасындағы сауда дерегі бойынша, қарашада жеткізілетін Brent маркалы мұнай бағасы 3,5%-ға төмендеп, барреліне 70,82 доллар болды. Қараша айында жеткізілетін ICE биржасында WTI маркалы мұнай барреліне 67 доллардан төмен түсіп, 3,8%-дан астам бағасын жоғалтты.

ХВҚ деректеріне сәйкес, мұнай бағасының барреліне 100 долларға жетуі Сауд Арабиясының маңызды экономикалық жобаларын қаржыландыруға кететін бюджетті толықтыру үшін қажет.

Десе де басылым елдің арзан мұнай дәуірінен қысылмай өтуге жететін әртүрлі қаржы қоры жеткілікті екенін жазады. Королдік валюта қорын пайдаланып, болмаса сырттан қарыз тарта алатынын атап өтеді.

Сауд Арабиясының жоспарындағы өзгерістер мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті қысқартуға бел буған басқа ОПЕК+ елдері пікірінің өзгеруіне алып келеді.

2023 жылдың қарашасында ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді күніне 2,2 млн баррельге қысқартуға келіскен болатын.

Ал 2024 жылдың қазан айынан ОПЕК+ шектеуі алынып, қазан айынан бастап, кезең-кезеңімен мұнай көлемін арттыра бастауы керек болған. Бірақ ұйымға кіретін мемлекеттер шектеулерді тағы екі айға ұзартуға келісіп, мұнай көлемін арттыру мерзімін 2024 жылдың желтоқсанына дейін кері шегерген. ОПЕК+ келісіміне қол қойған елдер арасында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман бар.

FT мәліметі бойынша, Сауд Арабиясы соңғы екі жылда ОПЕК+ қысқартқан мұнай көлемінің үштен бірін өз мойнына алған. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы өз өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге қысқартып, қазір тәулігіне 8,9 млн баррель мұнай өндіреді. Бұл – 2011 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Бұл шешімнің Қазақстанға қатысы қандай?

Егер Сауд Арабиясы мұнай өндірісін ОПЕК келісімінен бұрын көбейте бастаса, онсызда арзандап тұрған мұнай бағасы тіпті түсіп кетуі мүмкін. Нарықтағы ұсыныс сұраныстан асып кетеді. Ал мұнайдың арзандауы Қазақстан сынды бюджеті шикізат бағасына тәуелді елдерге тиімді емес. Қазақстанның 2025-2027 жылғы бюджет жоспарында мұнай бағасы барреліне 75 доллар деп алынған. Қазір Brent маркалы мұнай нарықта 71,48 долларға саудаланып жатыр.