Жаңалықтар

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының 8 айдағы инвестициялық табысы 2 трлн теңгені құраған

Зейнетақы жинағының инвестициялық табысы қандай? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағының инвестициялық табысы 2024 жылдың 8 айында 10%-дан асқан. Осы кезеңде БЖЗҚ-ның таза инвестициялық кірісі шамамен 1,92 трлн теңгені құраған.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі көрсеткіш 2023 жылдың 8 айындағы көрсеткіштен 883,05 млрд теңге немесе 85,3%-ға артық.

Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен 1,91 трлн теңге мөлшерінде инветтабыс түскен. Бұл осы кезеңде жиналған 1,78 трлн теңге жарнадан 7,8%-ға артық. Осы жинақтардың кірістілігі 10,34 %-ды құрады.

Биыл жыл басынан аударыла бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша таза инвестициялық кіріс 8,5 млрд теңгеге жеткен. Жиналған жарна көлемі – 140,2 млрд теңге, ал табыстылығы – 8,52%.

«Қордың зейнетақы активтерінің соңғы 12 айдағы кірістілігін қарастырсақ,  2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша инфляция 8,40% құрағанда ол 13,79% болды», – делінген хабарламада.

2024 жылғы қаңтар-тамызда қорының таза пайдасы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 15,4%-ға өсіп, 19,4 млрд теңгені құраған.

Бұл кезеңде екі жеке басқарушы компанияның басқаруындағы жинақтардың табыстылығы Ұлтты банктің басқаруындағы жинақтардың табысына асып түскен. Jusan Invest және«Сентрас Секьюритиз» компаниялар басқаратын активтердің кірістілігі 11,74% және 11,49% болған. Ал Ұлттық банк басқаруындағыи актывтердің кірістілігі 10,34%-ды құрады. Ал Halyk Finance – 10,14%, Halyk Global Markets – 9,63% және BCC Invest – 9,34% табыстылық көрсеткен.

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да жиналған қаражат 20,9 трлн теңгеден асқан. Соның 20,7 трлн теңгесі Ұлттық банктің басқаруна берілген. Ал қалған бөлігін 5 жеке басқарушы компания түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.