Жаңалықтар

Қырғызстанда президент әкімшілігінің лауазымды шенеунігі қамауға алынды

Қырғызстанда президент әкімшілігінің лауазымды шенеунігі қамауға алынды / Фото: Kaktus.Media

Қырғызстанда бұрынғы президент әкімшілігі басшысының орынбасары Алмамбет Салиев қамауға алынды. Kaktus.Media басылымының ақпаратына сүйенсек, шенеунік «қызметін асыра пайдаланды» деген күдікке ілінген.

Салиев елдің экс-президент Сооронбай Жээнбековтің кезінде президент әкімшілігінде бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. Жээнбеков биліктен кетпей тұрып, аппарат басшысының орынбасары болған.

Басылым ақпаратына сүйенсек, Бішкектің Первомай аудандық соты шенеунікті қамау алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы үкім шығарған. Салиев 2024 жылдың 4 қарашасына дейін қамауда отырады.

Айта кетейік, 2020 жылы 5 қазанда Қырғызстанда Парламент сайлауының қорытындысымен келіспейтін азаматтар қарсылық акцияларына шығып, қамауда отырған саясаткер Садыр Жапаровты түрмеден босатып, Бішкектің орталық алаңына жеткізді. 6 қазанда Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын қате деп тауып, жоққа шығарды. 10 қазанда алдыңғы отырыс депутаттары Парламентке жиналып, Жапаровты премьер-министр деп тағайындады. 15 қазанда елдің ресми сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеп, оның орнына депутаттар президент қызметін атқарушы қылып Жапаровты қойды. 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен сайлауда Жапаров жеңіске жетті. Дегенмен осыған дейін ол бұрынғы президент Жээнбековтің жақтастарын қамауға алған емес. Жээнбековтің өзі де әлі күнге Қырғызстанда тұрады.

Осыған дейін Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі бұрынғы президент Асқар Ақаевқа экс-президент мәртебесін қайтармайтын болған. Депутаттар бұрынғы президенттің комиссия құру жөніндегі өтінішін кері қайтарған