2024 жылдың шілде айында Халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы 84,3 млрд теңгеге 207,5 мың транзакция жасалды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
2024 жылдың маусым айымен салыстырғанда, ақша аударымдарының саны 0,5%-ға көбейсе, көлемі 12%-ға артты. Қазақстанның банктері және «Қазпочта» АҚ қандай жүйелер бойынша қаржы аударады? Бас банк дерегіне сүйенсек, «Золотая корона», Western Union, MoneyGram және басқа жүйелер арқылы ақша аударымдары жүзеге асырылады.
Халықаралық ақша аударымдары жүйелерін қазақстандықтар да пайдаланады. Яғни шетелге ақша жіберіп, шетелден ақша алу үшін қолданады.
«2024 жылдың шілдесінде Қазақстан аумағында жүргізілген мұндай транзакциялар жалпы аударымдар санының 3,1%-ын және жалпы сомасының 2,8%-ын құрайды. Шетелге жіберілген ақша аударымдарының үлесі тиісінше 96,9% және 97,2%-ды құрайды», – деп хабарлады ҰБ.
Қазақстаннан шетелге жөнелтілген ақшаның жартысына жуығы Өзбекстанға – 34,2
млрд теңге (жалпы соманың үлесі – 41,7%) тиесілі. Одан кейінгі орында Ресей – 19,8 млрд теңге (үлесі 24,2%), Түркия – 11,7 млрд теңге (үлесі – 14,3%), Грузия – 5,0 млрд теңге (үлесі – 6,1%) тұр. Сондай – ақ Қырғызстан үлесіне 3,9%-ы – 3,2 млрд теңге келеді.
Шетелге аударылған қаржының негізгі үлесі АҚШ долларымен (аударымдардың жалпы санындағы үлесі 32,7%) және қазақстандық теңгеде (тиісінше 56,2%/35,3%) жүргізілді.
2024 жылдың шілде айында Қазақстанға шетелден 21,6 млрд теңге аударылды. Аударымдар саны 67,0 мың. 2024 жылдың маусым айымен салыстырғанда, шетелден түскен ақша аударымдарының саны 5%-ға өссе, көлемі 12%-ға артты.
Шетелден келген ақша көлемі бойынша: Ресей – 5,8 млрд.теңге (жалпы соманың үлесі – 26,9%), АҚШ – 2,8 млрд теңге (үлесі – 13,2%), Корея Республикасы – 2,4 млрд теңге (үлесі – 11,1%) алда. Оның дені доллармен жүргізілген.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусым айында Қазақстаннан трансшекаралық ақша аударымдарының көлемі 73 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 16,6%-ға аз.