Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Түркістан қаласындағы бірнеше ломбардты лицензиясынан айырды. Олардың ішінде, «Ломбард «Феруна» ЖШС, «ЛОМБАРД ТУРАН.KZ» ЖШС, «Престиж 1 Ломбард» ЖШС, «Южный Ломбард» ЖШС, «Ломбард Amanat Gold» ЖШС бар.
Олар «Микроқаржылық қызмет туралы» Заңның 16-бабы 2-тармағын орындамаған. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын орындамаған.
«Осы жайт лицензиядан айыру үшін негіздеме болды», – деп хабарлады ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Бұл микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде өзінің атауынан «ломбард» деген сөздерді немесе аббревиатураларды алып тастауы керек. Сонымен қатар қайта тіркеу рәсімін жүргізіп, не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Микроқаржы қызметі туралы заңға сәйкес, лицензиясы тоқтатылғаннан кейін, МҚҰ жаңа микрокредиттер бере алмайды.
Ұлттық банктің дерегі бойынша, «Ломбард «Феруна» ЖШС ломбардтар тізімінде 497-орында тұр. Таза табысы туралы ақпарат көрсетілмеген. Ал активтері мен меншікті капиталы 30 млн теңге.
«ЛОМБАРД ТУРАН.KZ ЖШС тізімде 500-орында, меншікті капиталы мен активтері 22 млн теңге. Сондай-ақ қаржы ұйымы 31 мың теңге шығынға батқан.
«Престиж 1 Ломбард» тізімде 491-орында, активтері мен меншікті капиталы 35 млн теңгеге жуық, таза пайдасы 1,2 млн теңге.
«Южный Ломбард» ЖШС болса тізім бойынша 498-орында, активтері мен капиталы 30 млн теңге. Таза пайдасы туралы ақпарат көрсетілмеген. Ұлттық банк тізімінде «Ломбард Amanat Gold» ЖШС туралы ақпарат көрсетілмеген.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі 4 микроқаржы ұйымының лицензиясын тоқтатқан болатын. Олар: «Бренд ломбард» ЖШС, «Ұлдан-ломбард» ЖШС, «TIYN-S ломбард» ЖШС және «Әл-Фараби ломбард» ЖШС. Реттеуші бұл микроқаржы ұйымдары пруденциалдық нормативтер мен басқа да міндеттерін бұзды деп тапты.