Lifestyle

Спорт саясатын сынаған Жанар Өтешованың орнына олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

Әлімжан Ақаев олимпиада комитетінің бас хатшысы қызметіне тағайындалды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы сайланды, бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін, 27 қыркүйек күні, Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті.

Бас Ассамблеяда қаралған негізгі мәселенің бірі – жаңа бас хатшыны сайлау болды. Олимпида комитетінің мәліметінше Геннадий Головкин Әлімжан Ақаевтың  кандидатурасын ұсынды. Бұл кандидатураны қатысушылар бірауыздан бекітті. 

«Бас Ассамблея мүшелеріне маған сенім артып, мен ұсынған кандидатты қолдағаны үшін алғыс айтамын. Әлімжан Ақаевты жаңа қызметке сайлануымен құттықтаймын. Оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі алға қойылған мақсаттарға жетуге көмектесеріне сенемін», – деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, Әлімжан Ақаев жеті жыл көлемінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің халықаралық  қатынастар Департаментін басқарды. Халықаралық форумдар мен конференцияларда Қазақстан Ұлттық ҰОК мүддесін қорғады және Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы  байланысы мен беделін нығайту жолында қызмет етті.

2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан ҰОК президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Олимпиада комитетінің бас хатшысы Жанар Өтешова қызметінен босатылған еді.