Ашық аспан астында, саябақтарда өткізілетін «Тілдер паркі» суық түсуіне байланысты енді комьюнитии орталықтарға көшеді. Бұл әлеуметтік жоба аясында алматылықтар шет тілін тегін үйрену мүмкіндігіне ие болды. Бұл жайлы алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба аясында 5000-нан астам алматылық шет тілдерін тегін үйреніп жатыр. Ол қаланың әрбір ауданында ұйымдастырылған. Шет тілін үйрену курстарына қатысушыларға шектеу жоқ,6 мен 60 жас аралығындағы қаланың кез-келген тұрғыны қатыса алады. Ал курс аяқталған соң оларға арнайы сертификат беріледі.
Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы жүзеге асырылып жатқан бұл курстарда қазақ, ағылшын, қытай, корей, жапон, француз, түрік және орыс тілдері оқытылады.
Сабақ жазғы маусымда аптасына 3 рет өткізіліп отырды. Ал суық түсуіне байланысты қыркүйек айының ортасынан бастап күзгі-қысқы кезеңде сабақтар комьюнити орталықтардың ғимараттарында өткізіледі. Сабақтар кестесін әр ауданның комьюнити-орталығынан немесе Call-орталықтың нөмірі арқылы білуге болады.