Шекарада 64 киік мүйізін еліне әкетпек болған өзбекстандық ұсталды

Жарияланды
Оқиға Маңғыстау облысындағы «Тәжен» кеден бекетінде болған/Фото: facebook.com/januarlaralmi

Қазақстаннан Өзбекстанға контрабандалық тәсілмен киік мүйіздерін тасыған азамат ұсталды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға Маңғыстау облысындағы «Тәжен» кеден бекетінде болған. ҰҚК-ның шекара қызметімен бірлесе отырып, Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ірі көлемде киік мүйізін саудалаушылардың жолын кескен.

«Техникалық құралдарды пайдалана отырып, жолаушылар және көлік ағымын бақылау барысында 1980 жылы туған Өзбекстан Республикасы азаматының көлігінің жүк салғышынан жабайы аңдардың 64 мүйізі табылды», – делінген хабарламада.  

МКД дерегінше, бұл істің материалдары Бейнеу ауылындағы полицияның аудандық органдарына берілген.  

Мұның алдында Жетісу облысында 1300-ге тарта киік мүйізін өткізбек болған күдіктілер ұсталғанын, мемлекетке келген шығын көлемі 3,5 млрд теңге болғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз