Lifestyle

Уэмбли стадионындағы концерт: Coldplay тобы Тейлор Суифттің рекордын жаңартады

Coldplay тобы Тейлор Суифттің рекордын жаңартпақ / Фото: shutterstock

Coldplay тобы келесі жазда Лондондағы Уэмбли стадионында қатарынан 10 концерт беріп, Тейлор Суифтің рекордын жаңартуды жоспарлап отыр. Алғашында топ 2025 жылғы тамызда 6 концерт ұйымдастыратынын хабарлаған, бірақ кеше, 26 қыркүйекте тағы 4 концерт беретінін мәлімдеді. Оған себеп – топ концертіне билет алуға электрон кезек басталғанда адам санының едәуір көп болуы.  

Жалпы билет сату 27 қыркүйекте, яғни бүгін тоғызда басталды. Билет құны 20 фунт стерлиңнен (12 810 теңге) басталады. Coldplay Ticketmaster-дегі билет сұранысына байланысты бағаның реттелуі сияқты динамикалық модельден бас тартқан. Яғни сұраныс артқан сайын билет бағасы қымбаттамайды. Топтың ресми сайтында да «Барлық билеттің бағасы алдын ала тіркелген және еш өзгермейді» деп хабарланған. 2025 жылғы тур топтың 4 қазанда жарық көретін Moon Music альбомын қолдауға бағытталған. Уэмблиден бөлек Coldplay Халл қаласындағы Крейвен Паркте де екі концерт өткізеді

Билеттің тең жартысы HU, YO, DN мен LN пошта индекстері бойынша тіркелген жергілікті көрермендерге сатылады. Жиналған қаражаттың 10%-ы Ұлыбританиядағы кішігірім концерттерді қолдаумен айналысатын Music Venue Trus қорына беріледі. 

Биыл топ «Гластонбери» фестиваліне кеш қонағы ретінде шақырылып, сахнаға Майкл Джей Фокс, рэпер Литтл Смиз, палестина-чилилік Эллиана, нигериялық Феми Кути сияқты басқа да жұлдыздар қатар шығып өнер көрсетті. The Independent басылымы сол шоуды «әлемдегі ең үздік қойылым» десе, The Guardian «жарқын күйге енбеске болмады» деп сипаттады. Басқа өнер жұлдыздары да бұл пікірлді қостай кетті. Белгілі актер Том Круз «керемет» деген таңданысын жасырмады. 

«Билет бағасы неліктен қымбаттап кетті» деген сұрақ туындауы мүмкін. Топ фронтмені Крис Мартин сол кеште әлі жарық көрмеген альбомдағы туындылар орындалғанын айтты. Оған қоса көрермендер Moon Music топтың соңғы альбомы болуы мүмкін деп ойлайды. Өйткені Крис Мартин 2021 жылғы сұхбаттарының бірінде «Соңғы альбомымыз 2025 жылы шығады, одан кейін тек гастрольмен жүреміз деп ойлаймын» деген. Кейін бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, тағы екі альбом жазатынын айтты. «12 альбомға жеткізуді жоспарлап жүрміз. Бұл қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл жұмыстан ләззат алып, қызыға жұмыс істесек те, көп күш керек», – деді әнші бір сұхбатында. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2025 жылғы концерттерге билет алуға ресми кезекке тұру кеше басталды. Әлеуметтік желілердегі хабарламаларға сенсек, билеттердің алғашқы партиясы 20 минутта сатылып үлгерген. Сұранысты ескерген топ қосымша 4 концерт өтетінін хабарлады. Осылайша, Coldplay бір жылда Уэмблиде ең көп концерт берген топ ретінде есте қалмақ. 

Бұған дейін концерт саны бойынша басым түскен Тейлор Суифт пен Тake That еді. Екеуі де стадионда қатарынан 8 концерт өткізген. Ал Coldplay аталған стадионда 2022 жылы алты концерт берген. Топ концерттерін ұйымдастырғанда қоршаған ортаға мейлінше аз зақым келтіруге тырысады. Биыл концерт ұйымдастыру барысында көмірқышқыл газын былтырға қарағанда 59%-ға қысқартқанын хабарлады. Сонымен қатар билет бағасын өсіруге қарсы шығып, небәрі 20 фунт стерлиңге концертке кіру мүмкіндігін берді. Билет бағасында стадионның орнықты даму алымдары қарастырылғанын да айта кеткен жөн. 

13 маусымда Эдинбургте Американың әйгілі поп-жұлдызы Тейлор Суифттің концертінде жер сілкінгені тіркелген. Әншінің жанкүйерлері өз әрекеттері арқылы жасайтын сейсмикалық құбылыс қазір свифт сілкінісі деп аталды. Qalam бұл терминді ай сөзі деп таңдап, Тейлор Суифт феноменінің біздің бүкіл ғаламды қалай шайқайтынын анықтауға тырысқан.