Инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың табысы қандай?

Жарияланды
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар – бұл әртүрлі қаржылық қызметтер ұсынатын ұйымдар. Олар жеке тұлғалар мен ұйымдардың қаржыларын басқарып, оларды тиімді инвестициялау мақсатында жұмыс істейді.

Елімізде инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың табысы қандай?

ҚР ҰБ мәліметінше, елімізде инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар саны -20.  2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында олардың жалпы табыс көлемі 30,6 млрд теңгеге жеткен.  Соның ішінде «N1broker» АҚ мен «Private Asset Management» АҚ таза табысы теріс динамиканы көрсетсе, өзге компаниялардың табысы оң мәнді көрсетті. Табыс жағынан ең көп пайда «Фридом Финанс» АҚ-да. Биылғы жылдың 8 айында 7 млрд теңге таза табыс тапқан.

Инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық актив көлемі –  602,8 млрд теңгені құрап отыр.

Брокер мен дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың табысы

Қазақстанда брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – бұл қаржы нарығында инвестициялық қызмет көрсетуге маманданған компаниялар. Олар бағалы қағаздарды сатып алу және сату, инвестициялық кеңес беру, портфельді басқару сияқты қызметтерді ұсынады.

Елімізде «First Heartland Securities» АҚ, «SQIF Capital» АҚ, «Tengri Partners Investment Banking (Kazakhstan)» АҚ және «ALTYN ADAM ASSOCIATES» АҚ сияқты бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жұмыс істейді. Олардың жыл басынан бері таза табысы -3,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ бұл ұйымдар:

-Бағалы қағаздармен сауда-саттық операциялары;

-Инвестициялық кеңес беру және активтерді басқару;

-Клиенттерге портфельді басқару;

-IPO және басқа да қаржылық операцияларға қатысу;

-Жеке және корпоративтік инвесторларға қызмет көрсету сияқты қызметтерді ұсынады.

Бұл компаниялар бүгінгі таңда Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Astana International Exchange (AIX) алаңдарында жұмыс істеп келеді.

БЖЗҚ инвестициялық портфелін кім табысты басқаруда?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтерін басқару Қазақстанның зейнетақы жүйесінің маңызды бөлігі. БЖЗҚ жинақтаған зейнетақы активтерін басқаруды бірнеше мамандандырылған басқарушы компаниялар жүзеге асырады. Бұл компаниялар зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысын қамтамасыз ету мақсатында активтерді әртүрлі қаржы құралдарына салады.

2021 жылдан бастап жеке инвестициялық басқарушы компанияларға да БЖЗҚ активтерін басқаруға рұқсат берілді. Бұл жеке компаниялар бәсекелестікті арттыру және салымшыларға инвестициялық кіріс мөлшерін көбейтуге мүмкіндік береді. Салымшылар өздерінің жинақтарын қай компания басқаратынын өздері таңдай алады.

Инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар активтерін көбінесе Мемлекеттік бағалы қағаздарға, Халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларына, шетелдік қаржы құралдарына және

Қазақстанның корпоративтік облигацияларына инвестициялайды.

БЖЗҚ активтерін 6 сенімгерлік компания басқаруда. 2024 жылдың бірінші қыркүйегіндегі мәлімет бойынша инвестициялық портфельді басқаруда кірістілік бойынша ең жоғары нәтижені Jusan Invest пен Сентрас Секьюритиз компаниялары көрсетті. Яғни 11,74 және 11,49% кірістілікті көрсетіп отыр.

Қазақстанда инвестициялық басқару және бағалы қағаздар нарығының дамуы соңғы жылдары қарқынды жүріп келеді. Экономиканы әртараптандыру және сыртқы инвестицияларды тарту мақсатында қаржы секторын дамытуға ерекше назар аударылуда. Инвестициялық басқару және бағалы қағаздар нарығы елімізде экономикалық өсудің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Елімізде инвестициялық басқарудың дамуы:

Зейнетақы активтерін басқару – Қазақстанда зейнетақы активтерін басқару Ұлттық Банк пен жеке инвестициялық басқарушы компаниялар арқылы жүзеге асырылады. Салымшылар өздерінің жинақтарын қандай компания басқаратынын таңдай алады, бұл бәсекелестікті арттырып, инвестициялық табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жеке инвестициялық басқарушы компаниялар – cоңғы жылдары Қазақстанда инвестициялық басқарумен айналысатын жеке компаниялардың саны артып келеді. Олар активтерді басқару, портфельді диверсификациялау және инвестициялық тәуекелдерді азайту бойынша кәсіби қызметтер ұсынады.

Шетелдік инвестициялар – Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) халықаралық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндік ретінде жұмыс істеп, шетелдік капиталды тартуға үлкен ықпал етті. AIFC шеңберінде инвестициялық климатты жақсарту және құқықтық базаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыз