Израиль соққысынан кейін «Хезболла» ұйымының жетекшісі қаза тапты

Жарияланды
Израиль
«Хезболла» ұйымының басшысы қаза тапты / Фото: timesofisrael.com

«Хезболла» ұйымының жетекшісі Хасан Насралла Израиль армиясының Бейрутқа жасаған соққысынан кейін қаза тапты. Насралламен бірге ұйымның басқа да мүшелері қаза тапқаны хабарланады. Оның ішінде оның оңтүстік майдан қолбасшысы Әли Карки де бар. The Jerusalem Post басылымының хабарлауынша, құрбандардың арасында Хасан Насралланың қызы Зейнаб болған.

27 қыркүйек күні кешке Израиль қорғаныс күштері «Хезболла» штаб-пәтеріне әуеден соққы берген. Көп ұзамай бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары, Sky News Arabia және Израильдің 12 арнасы шабуылда Насралланың қаза тапқаны жөнінде хабар таратты. Алайда Reuters және Tasnim басылымдары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар «Хезболла» ұйымына жақын адамдардың дереккөздеріне сүйеніп, Насралланың аман қалғаны туралы ақпарат таратты.

Ал сенбі таңертең Израиль тарапы бұл ұйым басшысының қаза тапқаны туралы ресми мәлімдеді.

ЦАХАЛ басшысы Херци Ха-Леви Израильге қауіп төндіретін әрбір адамды осындай жағдай күтіп тұрғанын жеткізген.

«Бұл Израильдің ескетуі: біз түбінде Израиль азаматтарына қауіп төндіретін кез келген адамға жетеміз. Солтүстікте, оңтүстікте және шалғай жерлерде болсын, жетеміз»,- деп мәлімдеген.

Хасан Насралла 1992 жылдан бері, «Хезболлаға» басшылық етіп келді. Ұйымның бұрынғы басшысы Аббас әл-Мусауи Израиль әскерилердің қолынан қаза тапқан соң, оның орнына Хасан Насралла тағайындалып, топты 32 жыл бойы басқарған болатын.

Айта кететін бір жайт, Израиль шабуылы кезінде тек «Хезболла» ұйымының мүшелері ғана емес, сонымен бірге бейбіт тұрғындар да қаза тапты. Жалпы 300-ге жуық адам қайтыс болғаны туралы айтылады. Израиль тарапы қанша тұрғынның қайтыс болғаны жайлы нақты ақпарат бермеді. Десе де, соққылар сол маңдағы тұрғын үйлерге жасалғанын жасырмады.

Израиль Ливанға әуеден шабуылдауды 20 қыркүйек күні бастаған. Ал 24 қыркүйек күні Израильдің жасаған соққысынан 500-ге тарта бейбіт адам қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз