«Қазақстан Азия мен Еуропа арасына көпір болып отыр» – Мұрат Нұртілеу БҰҰ алаңында мемлекет рөлі туралы баяндады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: СІМ

Жаһандағы дағдарыстарды шешу жолында БҰҰ рөлін күшейту керек. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жалпы дебатында осылай деп мәлімдеді.

«Дүниежүзіндегі, Таяу Шығыстағы, Шығыс Еуропадағы және Африканың кейбір бөліктеріндегі миллиондаған қақтығыс құрбандарының жағдайы жедел, шешуші және ұжымдық әрекетті қажет етеді. Алайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде шешім қабылдау үдерісі қазір дағдарып қалған.  Бас хатшы атап көрсеткеніндей, бұл ащы шындық ұйымға деген сенімге, оның заңдылығы мен тиімділігіне нұқсан келтіреді. Жаһандық институттарды реформалау туралы жыл сайынғы талқылаулар енді жеткіліксіз», – деді Мұрат Нұртілеу.

Министр Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастама ұсынғанын мәлімдеді. Бұл тұжырымдама Жаһандық Оңтүстік пен Жаһандық Солтүстік арасында бейбітшілік пен тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

«Орта державалар мен дамушы елдердің дауыстары келіспеушіліктерді еңсеруде халықаралық қауіпсіздіктің мейлінше тиімді архитектурасын құру үшін өте маңызды», – деп атап өтті спикер.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт бойынша Қазақстан 3-отырыстың төрағасы ретінде Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсетудің халықаралық қорын құруға жәрдемдеспек.

«Қазақстан ядролық қатердің күшейіп келе жатқан риторикасына қатты алаңдайды. Біз барлық ядролық мемлекеттерді Ядролық қаруды таратпау туралы шартты және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты сақтауға шақырамыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

БҰҰ мінберінде құрғақшылық, су тасқыны және басқа да климаттық апаттар адамдардың өмірін қиып, әлем экономикасына зиян келтіріп жатқаны да айтылды. Орталық Азия 2050 жылға қарай температураның орташа деңгейден 2,5 градусқа жоғарылауына тап болады. Табиғи апатқа бірлесіп қарсы тұр мақсатында Сыртқы істер министрі 2026 жылы Қазақастан Өңірлік климат саммитін өткізетінін мәлімдеді.

«Климаттың өзгеруінің салдарының бірі – бүкіл әлем бойынша су тапшылығы. Бұл барлық құрлықтардағы азық-түлік, энергетика және экологиялық жүйелерге нұқсан келтіреді. Бүгінгі таңда әрбір төртінші адам сапалы ауыз суға жарымай отыр. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай бес миллиардтан астам адам су тапшылығына тап болуы мүмкін. Ол кезде Орталық Азияда халықтың 25-30%-ына суға мұқтаж болады», – деп мәлімдеді М. Нұртілеу.

Қазақстан тарапы теңізге тікелей шыға алмайтын барлық елдің проблемасына назар аударуды ұсынады. Сыртқы істер министрі негізгі көрсеткіштер бойынша елдің артта қалып отырғанын да мойындады. Әсіресе, сауданы, транзиттік және көлік дәліздерін дамыту үшін инновациялық технологияларды енгізу мәмілесі нашар. Бұл сын-тегеурін теңізге тікелей шыға алмайтын елдерге келетін инвестицияларды тежейді, сауданы азайтады және қарыз жүктемесін арттырады.

«Біздің мемлекет қазірдің өзінде Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын транзиттік жүктердің 80%-ы үшін жалғастырушы көпір болып табылады. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасы, «Жаһандық қақпа» бастамасы, сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік пен Транскаспий маршрутының халықаралық көлік дәліздері арасындағы синергияны нығайтуға ұмтылады», – деген министр жаһандық интгерацияда Қазақстан рөлін атап өтті.

Мұрат Нұртілеу сөзінше,  жасанды интеллекттің (ЖИ) қарқынды дамуы киберқауіпі күшейтеді және жаңа сын-тегеуріндер тудырады. Технологиялық және цифрлық тұрғыда дамыған мемлекеттердің ЖИ-ді барынша жауапты және бейбіт жолмен басқару үшін жалпы этикалық нормалар мен стандарттарды әзірлеуге белсенді қатысқаны маңызды. Қазақстан өкілі БҰҰ-ның Жасанды интеллект жөніндегі офисін құру жөнінде ұсыныс жасады.

Геосаяси жағдайда Орталық Азияның рөлі зор. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» формуласын жүзеге асыруға көңіл бөлінетінін айтты. Оған қоса Ауғанстанмен байланыс күшейе түскенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда біздің өңірлік күн тәртібіміз Ауғанстанның тұрақты және болжамды мемлекетке, сенімді сауда серіктесіне айналуын да қамтиды. Осы тұрғыда Алматыда құрылатын БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығы орнықты даму мақсаттарына үйлестірілген түрде қол жеткізу үшін шешуші бастама болады», – деді спикер.

Қазақстан дипломаты адам құқығын қорғау басым міндеттер екенін атап өтті. Мемлкет балаларға білім беруге және отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес шараларын күшейтті.

«Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарындағы әйелдер мен балаларды репатриациялау бойынша көшбасшы елдердің бірі болғандықтан, Қазақстан 2025 жылы Репатриация және реинтеграция салаларындағы үздік тәжірибелер жөнінде халықаралық конференция өткізеді», – деп хабарлады министр.

Айта кетейік, Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстанға өз елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, БҰҰ Бас ассамблеясының саммиті аясында ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескен. Қазақстанға ризашылығын білдірген Андрей Сибига Украинадағы жағдайды баяндап, Орталық Азия елдерімен екіжақты диалог пен байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз