Тыныштық сақтауға шақыратын заң: көршілер шулап мазаны алса, не істеу керек?
Айналадағы у-шу денсаулыққа да, көңіл-күйге де әсер етеді. Даңғырлаған музыка, үрген иттің дауысы, жанжалдасып жатқан отбасы не бұрғымен дарылдатып жөндеу жұмысын істеп жатқан көрші көп адамға ұнамауы мүмкін. Қамсыз, тыныш демалуға әркімнің құқы бар. Сондықтан дамыған қоғамда түнде тыныштық сақталуы үшін шу деңгейін реттейтін арнайы заңнамалар қолданылады. Бүгінгі материалымызда шулағандарды Қазақстан қандай жауапкершілікке тартатынына және шу дегеннің не екеніне тоқталамыз.
Шуға қатысты мәселелер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодексте толық жазылған. Қазақстан аймағында санитариялық ережелер қатаң сақталуға тиіс. Соның ішінде тұрғын үйлердегі шу деңгейіне қатысты да талаптар шегелеп жазылған. Ең алдымен, гигиеналық нормативтер кестесінен бастайық. Соған сәйкес, пәтерлерде күндізгі уақытта — 55 дБ, түнде — 45 дБ, жатақханаларда күндіз — 60 дБ, түнде — 50 дБ адамға әсер ететін ең қатты шу деп есептеледі. Осы көрсеткіштен асқанның бәрі заң бұзу болады. Бұл ретте шудың қайдан шығып жатқаны маңызды емес. Біреу аспап тартып жатыр ма, музыка қосып қойды ма, әлде айғайласып жатыр ма — бәрібір. Барлығы шу болып саналады. Кодекстің 113-бабына сәйкес, тұрғын үйлерде таңғы 9 болмайынша шулап, музыканы даңғырлатып қосып не жөндеу жұмысын бастауға болмайды. Ойын-сауық орындарына да жұмыс күндері таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері 10-ға дейін әлдебір іс-шара өткізіп, музыка қосуға тыйым салынған.
Нешеге дейін шулауға болады? Жоғарыдағы кодексте жазылғандай, тұрғын үйлерде 22:00-ден кейін шулауға болмайды. Ал тұрғын үйлердің астында орналасқан ойын-сауық орындары демалыс күні 23:00-ге дейін ғана қатты музыка қоса алады.
Жөндеу жұмысын қалай істейміз? Қазақстанда жөндеу жұмысын регламенттейтін жекелеген заң жоқ. Мұндайда әлгі айтылған ережеге барлығы бағынуға тиіс. Таңғы 09:00 мен түнгі 22:00 аралығында жасап үлгеруге тиіссіз. Ал осы аралықтан асып кеткен жағдайда иығыңызға жауапкершілік артылуы әбден мүмкін.
Оннан кейін мүлдем сөйлеспеу керек пе? Түнгі уақытта шу 45 дБ-дан аспауға тиіс дедік. Бұл дегеніміз өте жай шығатын дыбысты білдіреді. Демек даңғырлатып музыка қосуға не бұрғы сияқты құрал-саймандарды қоса алмай деген сөз. Түнгі оннан соң сыбырласып қана сөйлесу керек деп ойламаңыз. Әдеттегідей сөйлесе бересіз. Бірақ даусыңыз көршілерге естілетіндей қатты шықпаса болғаны. Теледидардың даусын орташа қойып қойсаңыз не кір жуатын машинаның дыбысы рұқсат етілген шамадан асып кетпейді.
Күндіз қанша шуласақ та, бола бере ме? Жоқ, бұған дейін айтқандай, күндізгі уақытта шу деңгейі 55 дБ-дан аспауға тиіс. Бұл дегеніміз музыка аппаратурасының дауысы мен перфоратордың гүрілі қосылса болады дегенді білдіреді. Десек те әркімнің шуды қабылдауы әр түрлі болғандықтан, көршілер тарапынан әлдебір шағым түсе қалса, мемлекеттік орган әр жағдайда жеке қарастыратынын еске салғымыз келіп отыр.
Қандай жағдайда 22:00-09:00 аралығында шулауға болады? Жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтерінің шуына рұқсат берілген. Яғни түн ортасында жәдел-жәрдем көлігі көршіңізге келген болса, «ұйқымды бұзды» деп шағым түсіре алмайсыз.
Қанша айыппұл арқалауыңыз мүмкін?
Тыйым бар жерде — айыппұл бар. Кодексте жазылғандай, құқық бұзған субъектіге байланысты тыныштық сақтамаған жағдайда мынадай айыппұл салынады:
- Жеке тұлғалар — 5 АЕК (2024 жылы — 18 460 теңге);
- Шағын кәсіпкерлер және коммерциялық емес ұйымдар — 20 АЕК (73 840 теңге);
- Орта кәсіпкерлер — 30 АЕК (110 760 теңге);
- Ірі кәсіпкерлер — 100 АЕК (369 200 теңге).
Егер бір жыл ішінде тағы да қайталап шулайтын болса, жеке тұлғалар, шағын және орта кәсіпкерлерге екі есе, ал ірі кәсіпкерлерге 150 АЕК (553 800 теңге) айыппұл салынады. Сонымен бірге күндіз шудың гигиеналық нормасын бұзған жағдайда денсаулыққа кері әсер етпеген болса жеке тұлғаларға 30 АЕК (110 760 теңгеден) бастап, денсаулыққа зиян тигізген жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2000 АЕК (7,3 млн теңгеге дейін) айыппұл арқалатуға болады.
Көршілер шуласа, не істеу керек?
Қазақта «Көршіңмен тату бол» деп шақырады. Мұндай татулыққа шақырғанның зияны жоқ. Сондықтан шу естілген бойда бірден шағымданбай, алдымен бейбіт түрде шешуге тырысып көруге кеңес береміз. Бәлкім, қонақ келіп қалып, қатты күліп жатқанын байқамай қалуы мүмкін. Алдымен есігін түртіп, көршіге өзіңіз барып ескерту жасаңыз. Егер ескертуіңізді елемей, әрі қарай шулай берсе, онда полиция шақыра берсеңіз болады. Полиция нөмірі — 102. Шағым қалдырасыз, олар қабылдап, патруль жібереді. Полиция өкілі келгеннен кейін хаттама толтырылады да, шу тоқтауға тиіс. Кейде полиция шақырып қойғаннан кейін шу тоқтап қалуы мүмкін. Ондай кезде әлгінде ғана шулап жатты деп құр сөзбен айта алмайсыз. Дәлел керек болады. Полиция келгенде шу тоқтап, көршілер «біз тыныштықты бұзған жоқпыз» десе, қайта өзіңіз жауапкершілік арқалап қалуыңыз мүмкін. Сондықтан дәлел керегін ұмытпаңыз. Сонымен бірге шудың деңгейін өздігіңізбен есептей алмасыңыз анық. Ол үшін дБ-мен өлшеу керек. Ал оның өлшемін тек арнайы құрылғысы бар өкілетті тұлға ғана есептей алады. Телефон арқылы есептегеніңіз де саналмайды. Айталық, сіздің үстіңізден көршілеріңіз арыз түсірді делік. Егер олар айтқандай қатты шуламаған болсаңыз, онда дұрыстап өлшенуін талап етіңіз. Пәтердегі шу үшін пәтер иесі жауап береді. Жалдап тұрып жатқандар шулағанымен, айыппұл пәтер иесіне жолданады. Одан кейін оны қалай өндіреді, кімге төлетеді — пәтер иесі мен жалға алушының арасында шешіледі.
Шу деген не?
Осы ретте шу деген не екеніне де тоқтала кеткен артық болмас. Тыныштықты бұзуға басқа пәтерлерден (дүкен, кафе, ойын-сауық орындары және т.б) естіліп жатқан дыбыстарды шу дейміз. Сонымен бірге:
- Акустикалық аппаратурадан шығып жатқан теле, радио не басқа да құрылғының дыбысы;
- Пиротехникалық бұйымдардың атылуы, содан шыққан дыбыстар;
- Жөндеу жұмысы кезінде шығатын дыбыстар;
- Генератор, кондиционер, насос не басқа да технологиялық жабдықтардың дыбысы;
- Ысқырған, шыңғырған, жылаған, қатты күлген, айқайласқан дыбыстар;
- Үрген не ұлыған дауыстар;
- Қатты қойылған музыка, ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнағанда шығатын дыбыс.
55 дБ-дан асатын дыбыс қандай болады?
Қатты даңғырлап сөйлессеңіз, бақырып жыласаңыз, көшедегі көліктердің дауысы, жөндеу жұмысы кезіндегі дыбыстар, рок-концерт — 55 дБ нормативтің шегінен асып кетеді. Осыны өзіңізге өлшем ретінде алып көре аласыз. Адам құлағын ауыртып жіберетін, ұшақ қозғалтқышының гүрсіліне ұқсайтын, клаксонның үні сияқты дыбыстар та қатты дыбысқа жатады. Ал егер 85 дБ деңгейіндегі шу ұзақ уақытқа жалғасса, ол адамның денсаулығына зиян әкелуі мүмкін. Бірақ неғұрлым алыс орналасса не арада қабырға болса, шу деңгейі азая береді. Яғни көшедегі 70 дБ дыбыс сіздің пәтеріңізге сол деңгейде бармайды, одан аз болады деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үйге естілетін, нормадан асып кететін шу деп көрші үйдің қабырғасын перфоратормен бұрғылап жатса не үйдің қасында құрылыс жүріп жатса айтуға болады. Былай елестетіп көрсеңіз болады: үйге естіліп жатқан шудың қатты болғаны сонша, телефонмен сөйлесу үшін сізге басқа бөлмеге баруға тура келсе, демек шу нормадан асып кетті дегенді білдіреді.
Отшашу атуға бола ма?
Түн ішінде 00:00 болғанда әлдекімнің туған күніне байланысты отшашу ату рәсімін талай көрген боларсыз. Жеке мерекесін тойлап жатқан адамға бұл өте қуанышты сәт болғанымен, ұйықтап жатқандарға онша ұнай бермеуі мүмкін. Баласы бар үйге тіпті ұнамасы анық. Өйткені оның шу деңгейі нормадан әжептәуір асып кетеді. Тұрғын-үй алаңдарында салют атуға құмарларға тағайындалатын бөлек жаза бар. Егер пиротехниканың шуы жеке тұлғалардың мазасын алған болса, онда айыппұл салуға болады. Атап айтқанда, 20 АЕК немесе биылғы есеп бойынша 73 840 теңге. Бір жыл ішінде осындай қылығын қайталаған адамға екінші рет 30 АЕК немесе 110 760 теңге айыппұл салынады.
Заң бұзбай пәтер жөндеудің жолдары
Пәтерін жөндетіп жатқан үйден шығатын дауыс гигиеналық нормадан күндіз де асып кетеді. Өйткені перфоратордың дауысын азайтып қою мүмкін емес. Айыппұл арқалап қалғыңыз келмесе, көршілерге алдын-ала ескертіп, алдынан өтіп қойғаныңыз абзал. Қабырғаңыз тиіп тұратын, үйдің астында және үстіндегі көршілермен тату болыңыз. Екінші жолы — кәсіби мердігер жалдап, сонымен келісімшарт жасасыңыз. Егер әлдебір заң бұзушылық болса, жауапкершілік соның мойнында болады деп бекітіп қойыңыз. Басты шарт сол: келісімшарт жасасқан кезде мердігер барлығына жауапты екенін, жөндеу жұмысының сапасы мен нормалардың сақталып, ережелерге бағыну керегін шегелеп көрсетіңіз. Бұл өте маңызды. Өйткені көршілер жеке сіздің атыңызға шағым түсіреді. Соған байланысты айыппұлын да, басқасын да сіз көтересіз. Ал соның өтемін келісімшарт бойынша мердігер өтеп беруге міндетті болады.
Кәмелетке толмағандардың әрекетіне кім жауапты?
18 жасқа толмаған жасөспірімдердің барлық әрекетіне, әлбетте, ата-анасы не заңды өкілдері немесе білім бөлімі қызметкерлері жауапты болады. Әр жағдай жеке қаралады. Демек, баланың тәртіп бұзбай жүруі үшін осы аталғандар тарапынан толықтай инструктаж жасалған болуы керек. Қоғамдық орында өзін қалай ұстау керек — оны бала ата-анасы мен ұстаздарынан үйренеді.
Көршінің иті үре берсе, қайтпек керек?
Ит те бала секілді — иесінің жауапкершілігінде. Меншік иесі өзінің барлық меншігіне жауапты. Үй жануары зат болмаса да, меншік болып саналады. Сондықтан иесі басқалардың құқығын таптамауға тиіс. Қоғамдағы тәртіптің бұзылмауын қадағалауы керек. Егер көршіңіздің иті түнімен үріп, мазаңызды алатын болса, оның үстінен шағым түсіруге құқығыңыз бар. Мұндайда ескерту немесе 3 АЕК 11 076 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал егер денсаулыққа зиян тиген болса, онда 10 АЕК немесе 36 920 теңге айыппұл салынады.
Жеке сектордағы тыныштық ережесі қандай?
Кодексте түнгі уақытта шулағанда айыппұл салу тұрғын-үйлерге қатысты ғана деп жазылған. Дегенмен Қазақстан Республикасының заңнамасында «тұрғын үй құрылыс» деген термин жоқ. Тек «жеке тұрғын үй құрылысы» — елді-мекен (аудан, квартал, көше) аумағының жеке тұрғын үй құрылысына пайдаланылатын бөлігі, азаматтарға мәдени-тұрмыстық және тұрмыстық қызмет көрсету объектілерімен, сондай-ақ инженерлік және көліктік инфрақұрылыммен («Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» заң) біріктіру деген бар. Сонымен бірге, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте «жеке тұрғын үй құрылысы» термині жоқ. Сондықтан заңгерлер «тұрғын үй құрылысы» терминін, оның ішінде жеке секторды ғана емес, қала сыртындағы саяжайларды да кеңінен қосуға кеңес береді. Яғни егер музыка қатты даңғырлап жатса, онда демалыс пен тыныштыққа кедергі келтірді деп, полиция немесе эпидемиологиялық қадағалау органдарының қызметкерлерін шақыруға әбден болады.
Көршілердің шулап жатқанын қалай дәлелдеуге болады?
Полиция өкілі келген кезде көршілеріңіздің бес минут бұрын шулап жатқанын дәлелдеуіңіз керек. Ол үшін не істейсіз?
- Шулап жатқан кезді видеоға түсіріп алыңыз. Ол жерде дәл сол көршілерден шығып жатқаны көрініп тұруы керек. Әрі видеоның уақыты да көрінуі шарт.
- Шу деңгейін өлшейтін хаттама жасалады. Ол хаттаманы аккредиттелген ұйым жасауға тиіс. Соңында сарапшының қорытындысы беріледі. Ол жерде гигиеналық нормативтен асып кеткені не аспағаны көрсетіледі.
Тағы бір рет айта кетейік: шу деңгейін арнайы рұқсаты бар, құрылғысы бар ұйымдар ғана жасай алады. Олардың байланыс нөмірін интернеттен таба аласыз. Бастысы, ұйымның тиісті сертификаттары, рұқсаттары, құрылғылары болсын. Айтпақшы, қызмет көрсетілгенін растайтын түбірбекті алуды ұмытпаңыз. Себебі сол кеткен шығынды кейін сіз сот арқылы өндіріп ала аласыз. Жалпы алғанда кез келген күмән мен күдік құқық бұзған тарапқа қарсы қолданылады.
Көрші үйдегі құрылыс мазаны алса, не істеу керек?
Көрші үйде құрылысынан қатты шу естілетін болса немесе көрші ғимараттағы ойын-сауық орнынан даңғырлаған дыбыс дамылдамай қойса, онда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне барып, жазбаша түрде шағым қалдыруыңыз керек. Департамент қызметкерлері шу деңгейі есептеп, егер нормадан асып кеткен болса, заң бұзғандарға айыппұл салып, ендігәрі шуламауын талап етеді.
Үстіңізден көршілер жала жапса қайтуге болады?
Кейде көршілердің шағымымен келіспеуіңіз мүмкін. Егер негізсіз деп есептесеңіз, онда соттасуыңызға болады. Әкімшілік өндірістің қай кезеңінде болсын сізге бағытталған құқық бұзушылық деп танылған дәлелдің бәрін қарап, келіспейтін тұсыңыз болса, қарсы шыға аласыз. Бірақ сотқа дейін апармай, көршімен тату-тәтті тұруға кеңес береміз. Басқалардың мазасын алған жақсы емес.