Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Жапониядағы сайлаудан кейінгі жағдай, Қытайдағы ралли, АҚШ қандай акцияларға басымдық береді

REUTERS/Kim Kyung-Hoon/Pool/File Photo

Жапон қор нарығы екіұдай күйде – елдің премьер-министрі қызметіне ақша-несие саясатын қатаңдатуды қолдайтын Сигэру Исиба бекітілмек. Ал Еуропа керісінше, Қытайдың экономиканы қолдау жоспарынан шабыттанып отыр. Дегенмен сарапшылар оның тиімділігіне күмәнданады. Осы және өзге де тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріне арналған шолудан оқи аласыздар.

Жапон акциялары мөлшерлеменің өсу қаупінен құлдырауы мүмкін

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Жапонияның Либералды-демократиялық партиясының төрағасы қызметіне күтпеген жерден Сигэру Исиба сайланған соң, трейдерлер жапондық акциялардың құлдырауын күтіп отыр. 1 қазанда ол парламент тарапынан бекітілгеннен кейін елдің премьер-министрі болады.

Мәселе мынада: Исиба мөлшерлемені көтеруді қолдайды. Nikkei 225 Stock Average индексінің фьючерстері 27 қыркүйек күні 6%-ға төмендеді. Себебі трейдерлер жоғары мөлшерлемелерге қарсы шығып жүрген Санаэ Такаити жеңеді деп болжаған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта Жапонияның қор нарығы Исибаның саясатына қатысты айқындық пайда болғанша үлкен құбылмалықты бастан кешуі мүмкін. Ал жапон иені оның жеңісінен кейін күрт өсті. Күшейген валюта экспортерлерге кері әсер етсе де, жоғары мөлшерлемелерден банктер пайда көреді.

Исибаның өзі Жапония банкі мен оның дефляциямен күресудегі тәуелсіздігін қолдайтынын мәлімдеді. Тамыз айының басында жапон акцияларының құлдырауынан кейін, нарық қатысушылары бұл елдегі жағдайды жіті бақылауда. Акциялар шығындарын азайтып үлгерсе де, сарапшылар нарық иеннің құбылмалылығына құлай кетуі мүмкін екенін ескертті.

Eurizon компаниясы қытай акциялары «едәуір өсуі мүмкін» деп есептейді

Лондондық Eurizon SLJ компаниясының бас директоры Стивен Дженнің пікірінше, Қытайдың қор нарығын ынталандыруға бағытталған мемлекеттік шаралар қытай акцияларының қысқамерзімді өсуін жалғастырады. «Қытай акциялары асыра бағаланбаған, сондықтан олардың едәуір өсуі әбден мүмкін», – деді Джен Bloomberg агенттігіне ұсынған клиенттерге арналған баяндамасында.

Өткен аптада саясаттың жұмсаруының нәтижесінде CSI 300 индексі 2008 жылдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Алайда Bank of America Corp.-тың қыркүйек айындағы жаһандық инвестициялық қорларды басқарушылар арасындағы сауалнамасына қатысушылардың 19%-ы «қытай акцияларын қысқамерзімде сату» ең танымал мәмілелердің бірі екенін айтты.

Дегенмен Джен Қытай үкіметінің шаралары ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуімен сәйкес келгенін, ал бұл мұнай бағасының төмендеуімен бірге тек Қытай экономикасына ғана емес, әлемдік нарыққа да жақсы ынталандыру беретініне сенімді. «АҚШ-тағы сайлаудан кейін мен жылдың соңына қарай әлемдік акциялардың қуатты өсуін күтемін», – деп стратег өз ойын түйіндеді.

Қытай экономикасын ынталандыру шаралары нәтиже бере ме?

Осы орайда, WSJ Қытайдағы мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді болатынын талқылап, үлкен сараптамалық мақала жариялады. Өткен аптада Қытай үкіметі елді «дефляциялық шұңқырдан» шығару үшін пайыздық мөлшерлемелерді төмендетіп, несиелендіруді ынталандыру, инвесторлар мен компанияларға акцияларды кері сатып алу үшін арнайы несиелер беру және салықтық қолдау шараларын жариялады.

Аталған жаңалықтан кейін, Қытай қор нарығы кейінгі 16 жылдағы ең жақсы көрсеткішін көрсетті. «Мұндай үміт мемлекеттің араласуымен байланысты, бірақ дәл осы араласу Қытай экономикасының қиын жағдайға түсуіне себеп болды», – деп атап өтті басылым.

Атап айтқанда, 140 млрд доллар тұрғын үй құрылыс секторына бағытталады. 2008 жылы Қытай жаһандық қаржы дағдарысына жауап ретінде ауқымды ынталандыру шараларын бірінші болып іске қосқан еді. Сол кезде бұл шаралар тиімді болғанын инвесторлар ұмытқан жоқ. Алайда сол ынталандыру Қытайға жергілікті мемлекеттік қарыздың өсуі, өндірістік қуаттардың артықтығы және тұрғын үй нарығындағы ұсыныстың көптігі секілді мәселелерді де мұраға қалдырған еді.

Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары тиімсіз болып, жаһандық инфляцияның жаңа толқынына алып келуі мүмкін. Себебі экономиканы ынталандыру шаралары жарияланғаннан кейін трейдерлер металл бағасын көтере бастады. Сонымен бірге Қытайдағы тұтынушылардың мінез-құлқы өзгеретіні я өзгермейтіні, яғни адамдар үнемдеуді тоқтата ма, жоқ па, әлі белгісіз. Елдің жапондық сценарий бойынша ұзақ мерзімді дефляцияға ұшырау қаупі жоғары.

Goldman және BlackRock еуропалық акциялардың раллиі қиындықтарға тап болатынын ескертеді

Өткен аптада еуропалық акциялар жаңа рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алайда Goldman Sachs Group, BlackRock және Northern Trust Asset Management сарапшылары өңірдегі баяу экономиканың артып келе жатқан тәуекелдерін ескертуде. Bloomberg хабарлағандай, АҚШ-тағы сайлау белгісіздік факторын күшейте түсті.

«Қазіргі сәтте акциялар сезімтал», – деді BlackRock-тың Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймағындағы акциялар бойынша бас инвестициялық директоры Хелен Джуэлл. «АҚШ-тағы сайлауды болжау өте қиын және макроэкономикалық болжамдарға қатысты белгісіздік бар. Бұл нарықтағы әлсіз жағдай 2025 жылға дейін сақталады», – деді ол.

Еуропадағы әлсіз экономикалық ахуал Stoxx 600 өңірлік қор индексінің рекордтық көрсеткіштерімен қарама-қайшы. Өткен аптада Northern Trust еуропалық активтердегі үлесін «артық» деңгейден «бейтарапқа» дейін төмендетті. Өйткені макроэкономикалық болжамдар алаңдаушылық тудырды. «Экономикалық деректер айтарлықтай тұрақсыз көрінеді», – деді Northern Trust компаниясының 1,2 трлн долларлық активтерді басқаратын бас инвестициялық директоры Анвити Бахугуна.

Алайда Қытай экономикасын ынталандыру шаралары Stoxx 600 индексінің 2024 жылдың соңына дейін өсуіне қолдау көрсетуі мүмкін. Себебі оның құрамына кіретін компаниялар табысының шамамен 8%-ын Қытайдан алады. Barclays және Citigroup Inc. сарапшылары Қытайдың шаралары тау-кен компаниялары, автокөлік өндірушілер және тұтыну секторы секілді циклдік акциялардың әлеуетін жақсартатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Анвити Бахугуна мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне күмән келтіреді.

ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуі S&P 500 индексінен орташа капиталы бар акциялардың көтерілуіне жол ашуы мүмкін

Yahoo Finance ФРЖ-ның жұмсарту циклі басталғанда қандай акциялар ең көп пайда әкелетінін анықтау үшін стратегтерден сауалнама алды. Көптеген сарапшылар орташа капиталы бар компаниялардың акциялары ең тиімді екенін алға тартып отыр. Себебі оларды «үнемі елеусіз қалдырады».

«Тарихи тұрғыдан алғанда, орташа капиталы бар компаниялар ФРЖ мөлшерлемелерді төмендете бастаған кезде жақсы нәтижелер көрсете бастайды», – деп атап өтті Carson Group өкілі Райан Детрик. Ол алдағы 12 айда америкалық шағын және орташа капиталы бар компаниялар 20%-ға өсіп, ірі компаниялардан әлдеқайда асып түседі деп болжайды. Russell 2000 – шағын капиталдандырылған индекс – маусым айының соңынан бері 10%-ға өсті, ал S&P 500 тек 4,7%-ға артты.

Goldman Sachs та өз талдауларына сілтеме жасай отырып, орташа капиталы бар компаниялардың акцияларын таңдауды ұсынады. Bank of America өкілі Джилл Кэри Холлдың айтуынша, орташа капиталы бар компаниялар қысқа мерзімде «ең жақсы қорғаныс» бола алады. Дегенмен барлық сарапшы ФРЖ мөлшерлемелерінің баяу төмендеу циклі және АҚШ экономикасының рецессияға ұшырауы мүмкін деген қауіптерге назар аударады.