Жаңалықтар

Қытай акциялары 2008 жылдан бергі ең жақсы күнді бастан өткерді, ал жапон нарығы құлдырады

Фото: Shutterstock

30 қыркүйек, дүйсенбі күні Қытай акциялары 8%-дан астам өсім көрсетті. Бұл – 2008 жылдан бергі ең жақсы көрсеткіш. Қытай нарығындағы ралли тоғызыншы күн қатарынан жалғасуда. Себебі трейдерлер ұзақ демалысқа дейін акциялар сатып алуға асықты. Есесіне жапон компанияларының акциялары күрт төмендеді, ал иен күшейді. Себебі билеуші партияның көшбасшысы болып корпоративтік салықтарды көтеруді қолдайтын Сигэру Исиба сайланды.

Толығырақ

Шанхай және Шэньчжэнь құрлықтық Қытайдың қор биржаларындағы негізгі акцияларды бақылайтын CSI 300 индексі дүйсенбі күні 8,5%-ға өсті. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бұл 2008 жылдан бергі ең қомақты өсім. Қытай компанияларының акциялары қатарынан тоғызыншы күн қымбаттап отыр. Агенттіктің жазуынша, дүйсенбі күні инвесторлар сұранысының жоғары болғаны соншалық, жергілікті брокерлер өтінімдерді өңдеп үлгермеген.

Сонымен қатар дүйсенбіде жапондық Nikkei Stock Average индексі 4,8%-ға құлдырады, деп хабарлады Nikkei Asia. Кеңірек қамтитын Tokyo Stock Price индексі 3,8%-ға төмендеді. Иен 1%-ға нығайды.

Жапон қор нарығындағы ең үлкен шығынды құрылыс компаниялары көрді: Sumitomo Realty & Development акциялары 8%-ға, Mitsubishi Estate – 8,8%-ға, Isetan Mitsukoshi Holdings 10,6%-ға құлдырады. Әлсіз иенге тәуелді жапон автокөлік өндірушілерінің акциялары да төмендеді. Toyota Motor 7,6%-ға, Subaru 7,7%-ға, Mazda 7%-ға арзандады. Екінші жағынан, банктердің акциялары өсті. Жапонияның ең ірі банк топтарының бірі Resona Holdings 5,9%-ға, ал Sumitomo Mitsui Financial Group 3%-ға қымбаттады.

Қытай нарығы неге өсіп жатыр?

24 қыркүйекте Бейжің соңғы онжылдықтағы ең ауқымды экономиканы ынталандыру шараларының пакетін жариялағаннан кейін жариялағаннан кейін инвесторлар Қытай қор нарығына қайта оралуда. Бұл пакетте пайыздық мөлшерлемелерді төмендету, екінші пәтерді сатып алу үшін бастапқы жарнаны азайту, шамамен 5,3 трлн долларлық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ банктердің резервтерінен шамамен 1 трлн юаньды (140 млрд доллар) босатуға мүмкіндік беретін реттеу нормаларын жеңілдету қарастырылған.

Бірнеше күн өткеннен кейін Шанхай, Шэньчжэнь және Гуанчжоу сияқты үш мегаполис тұрғын үй сатып алу шектеулерін жеңілдетті. 29 қыркүйекте Қытай халық банкі коммерциялық банктер ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелерді 31 қазанға дейін төмендетуі керек екенін мәлімдеді. 1 қазанда Шанхай және Шэньчжэнь қор биржалары Қытай Халық Республикасының құрылуының бес күндік мерекесіне орай жабылады, ал Гонконг биржасы жұмысын жалғастырады. Сондықтан құрлықтық Қытайдағы инвесторлар осы аптада ралли Гонконгта жалғасады деген қауіппен акцияларды қымбатқа сатып алуға дайын болды.

Жапон акциялары құлдырай түсті

Билеуші Либералды-демократиялық партияның жетекшісі болып Сигэру Исибаның сайлануына жапондық инвесторлар акцияларды сату арқылы жауап беріп жатқан жайы бар. Ол Жапонияда өте төмен пайыздық мөлшерлемелерді көтеруді, сондай-ақ корпорациялар мен қаржылық кірістерге салықты ұлғайтуды қолдайды. Сонымен қатар, өткен аптадағы бейсенбі және жұма күндері инвесторлар иенді сатып, жапон акцияларын сатып алған болатын. Себебі олар партия басшылығына жұмсақ ақша-несие саясатын ұстанатын экономикалық қауіпсіздік министрі Санаэ Такаити келеді деп күтті, дейді Mizuho Securities аға техникалық талдаушысы Ютака Миура. Экономикалық қауіпсіздік департаментін басқаратын Такаити қарсыласына қарағанда жұмсақ ақша-несие саясатымен партияның көшбасшысы ретінде ұсынылды.