Орталық депозитарийдегі брокерлік шоттардың саны 3 миллионнан асты
Орталық депозитарийдегі (KCSD) брокерлік шоттардың саны 3 миллоннан асты. Соның ішінде 683 205 шот – ұстаушылардың қосалқы шоттары. Ал 2,4 млн шот омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын брокерлік шоттар.
Омнибус-шот деген – клиент активтерінің жиынтық есебін жүргізуге мүмкіндік беретін шоттың ерекше түрі. Қаржы құралдары омнибус-шоттарда есепке алынатын инвесторлар туралы ақпарат ел заңнамасының талаптарына сәйкес жария етілмейді.
Бір айда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шот қатары 102 мыңға өскен. Ал омнибус-шоттардың саны 4,4%-ға артып, 100,8 мың шот қосылды. Қосалқы шоттар 1 219 -ға немесе 0,2 %-ға өсті.
«Соңғы екі жылда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі брокерлік шоттар саны 2 661 673 шотқа өсті. Қазақстанда инвесторлар санының қарқынды өсуі инвестициялық тартымды қаржы құралдарына сұранысты арттыру үшін берік негіз құра отырып, отандық қор нарығын дамытудың катализаторы болып табылады», – деп атап өтті Орталық депозитарийдің Басқарма Төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Кейінгі екі жылда брокерлік шоттардың саны 6 есе өскен.
Осы ретте «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьянов әрбір оныншы қазақстандық инвестор ғана отандық компанияларға қаржы салатынын айтады. Қазақстандық инвесторлардың шетелдік компанияларға қызығушылығы жоғары.
Бұған дейін жас инвесторларға арналған чек-лист жасап, акциядан қалай пайда көруге болатынын талдағанбыз.