Қазақстандық банктер 8 айда қанша таза пайда тапқан?
Қазақстандағы 21 екінші деңгейлі банк 8 айда 1,6 трлн теңге таза пайда тапқан. Олардың арасында ең табыстысы -Halyk bank. Бұл қаржы ұйымы жыл басынан бері 519 млрд теңге таза пайда көрген.
Halyk bank-тың таза пайдасы 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,4% өскен. 17,2 трлн теңге активке иелік ететін банктің несие портфелі 10,5 трлн теңгеге тең. Қаржы ұйымына қазақстандықтар 11,6 трлн теңге салымын сеніп тапсырған. Соның ішінде 6,3 трлн теңгесі – жеке тұлғалардың (қарапайым халық) салымы болса, 5,2 трлн теңгесі заңды тұлғаларға тиесілі.
Halyk bank-ке ALMEX холдингі арқылы Тимур мен Динара Құлыбаевтар иелік етеді. Оларға қаржы ұйымының 56,4% акциясы тиесілі. Компания акцияларының 23,14%-ы номиналды ұстаушылар мен Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York-ке тиесілі.
Тапқан табысы бойынша екінші орында – Kaspi bank келеді. 8 айда ЕДБ 328,4 млрд теңге таза пайда алған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға өскені байқалады. Kaspi bank-те қазақстандықтар 6 трлн теңгеге жуық қаржысын сақтайды. Ұлттық банк статистикасы бойынша, 6 трлн теңге салымның 5,6 трлн теңгесі – жеке тұлғаларадың қаражаты. Ал заңды тұлғалар осы банктегі есепшоттарына 400 млрд теңгеге жуық қаржы салған. Kaspi Group компаниясы – Kaspi.kz холдингінің еншілес кәсіпорны. Оның түпкілікті бенефициарлары – Baring Vostok (24,24% акция), Михаил Ломтадзе (21,53%) және Вячеслав Ким (20,39%).
Үздік үштікті Банк ЦентКредит түйіндейді. Жыл басынан бері банк 121 млрд теңгеге жуық таза пайда тапқан. 2023 жылмен салыстырғанда табысы еселеп өскен банктің бірі де – БЦК. Былтыр 8 айдағы пайдасымен салыстырғанда 41%-ға артқаны байқалады. Қаржы ұйымының активі 6,1 трлн теңгеден асады. Несие портфелі 5,4 трлн теңгеге тең. «Банк ЦентрКредиттің» негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) пен Владислав Ли (9,23%). Қалған үлесі миноритар акционерлерге тиесілі.
Жоғарыда аталған банктерден кейінгі табысты ЕДБ – Jusan Bank мен ForteBank. Қос банк әрқайсысы 100 млрд теңгеден аса таза пайда алған. Jusan Bank 102,4 млрд теңге таза пайда алса (+25,8%), ForteBank 102,1 млрд теңге (+69,3%) тапқан.
Jusan Bank-тің 77,86% акциясы First Heartland Securities компаниясына тиесілі. Бұл компанияның жалғыз акционері – кәсіпкер Ғалымжан Есенов. Сонымен қатар ол Jusan Bank-тің тағы 19,67%-ына тікелей иелік етеді.
Ал ForteBank-тың негізгі иесі -миллиардер Болат Өтемұратов. Ол ForteBank акцияларының 83,41%-ына иелік етеді. Сонымен қатар 7,5%-ы ұлы Алидар Өтемұратовқа тиесілі.
Қазақстандағы тұрғын үй бағдарламаларының операторы – «Отбасы банк» 2024 жылдың 8 айында 84 млрд теңге таза пайда алған. Статистикадан банктің бір айдағы таза пайдасы 10 млрд теңгеге артқаны байқалады. 4,2 трлн теңге активі банк «Отбасы банктің» несие портфелі 3,2 трлн теңгені құрайды. Қаржы ұйымында жеке тұлғалардың 2,4 трлн теңге салымы сақталған. Банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.
Жоғары табыс тапқан банктер арасында Еуразиялық банк (60 млрд теңге), «Сити Банк Қазақстан» (69 млрд теңге) «Банк «RBK» Банкі» АҚ (39 млрд теңге) бар.
Табысы аз банктер үштігіне «Заман-Банк» Ислам Банкі», «Al-Hilal» Ислам Банкі және «Қазақстан Зираат» халықаралық банкі енген.
Екінші деңгейлі банктердің жалпы активі 57,8 трлн теңгеден асса, несие портфелі 33 трлн теңгеге тең. Соның ішінде 1,8 трлн теңге несие – мерзімі өткен қарыз. Өтелмегеніне 3 айдан асып кеткен борыш көлемі 1 трлн теңгеге тең.
Бұған дейін Қазақстандағы қай банктің басшысы айына кемінде 63 млн теңге табыс табатынын жазғанбыз.