Банк пен қаржы

Қазақстандықтардың төлем мерзімін 3 ай кешіктірген несие қарызы 1 трлн теңгеден асқан

кредит
Қазақстандықтар кешіктірген кредит көлемі қанша / Фото: shutterstock

Қазақстандықтардың кредит қарызы да, төленбегеніне 3 айдан асқан борышы да ай сайын артып келеді. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, қазір халықтың мойнында мерзімінде төленбеген 1,8 трлн теңге қарыз бар.

Соның ішінде 1,039 трлн теңгесі – төлем мерзімін 3 ай кешіктірген борыш. Бұл банктердің жалпы несие портфелінің 3,15%-ын құрайды.

Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіштен 20 млрд теңгеге артық. Шілде айында 3 ай бойы төленбеген несие көлемі 1,019 трлн теңге болған. Ал жыл басындағы 863 млрд теңгеден 20,38% жоғары.

Яғни халықтың төлем қабілеті ай сайын төмендеп келеді. 1 қыкүйектегі дерек бойынша, банктердің несие портфелі 33 трлн теңгеден асады. Мерзімі өтіп кеткен берешек көлемі елдегі ірі банктердің балансында жоғары.

Мәселен, Kaspi Bank-тің балансында жалпы көлемін 267,5 млрд теңге болатын 3 ай бойы өтелмеген борыш бар. Бұл банктің несие портфелінің 4,97%-на тең.

Қазақстандықтар Halyk bank-тен алған 231 млрд теңге несиесін 3 ай бойы төлемей жүр. Бұл сома қаржы ұйымы несие портфелінің 2,21%-на тең.

Несие портфеліндегі мерзімі өткен берешек көлемі ең жоғары банк –  Jusan Bank. Қаржы ұйымы берген несиенің 102,4 млрд теңгесінің төленбегеніне 3 айдан асқан. Бұл несие қоржынының 7,7%-ына тең.

Еуразиялық банктің де балансында төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен 98,5 млрд теңге несие бар. Бұл қаржы ұйымы несие портфелінің 6,57%-ын құрайды.

Қазақстандағы 21 екінші деңгейлі банк 1,6 трлн теңге таза пайда тапқан.