KazChess Президенті Тимур Турлов Халықаралық мектеп шахмат федерациясының төрағасы болып сайланды

Жарияланды
Тимур Турловтың ISCF құру туралы ұсынысын ФИДЕ Бас Ассамблеясы қолдаған / Фото: Kazchess

KazChess Президенті Тимур Турлов Халықаралық мектеп шахмат федерациясының төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

Енді Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (International School Chess Federation, ISCF) ФИДЕ-ның еншілес ұйымы ретінде жұмыс істей бастайды. Бұл ұйымды құру туралы бастаманы Тимур Турлов Будапештте өткен ФИДЕ Бас Ассамблеясының отырысында ұсынған. Шахмат Федерациясының хабарлауынша, Тимур Турловтың ISCF құру және оған басшылық ету туралы ұсынысын ФИДЕ Бас Ассамблеясының делегаттарының көпшілігі қолдаған.

Фото: Kazchess

«Біз ұлттық мектеп шахмат қауымдастықтарын біріктіріп, шахматты білім беру бағдарламаларына ғаламдық интеграциялауды қолдағымыз келеді, елдерге мектеп бағдарламаларын құруға көмектесу үшін ресурстар мен тәжірибе ұсына аламыз, бұл ойын арқылы оқушылардың білімін байытып, әртүрлі дағдыларын дамытамыз. Ұлттық федерациялар арқылы тренингтер мен турнирлер өткізіп, мұғалімдермен және елдердің шахмат қоғамдастығымен жұмыс жасағымыз келеді. Шахматты тек білім құралы ретінде ғана емес, елдер мен құрлықтарды байланыстыратын көпір ретінде қарастырамыз. Жақын арада барлық құқықтық рәсімдер реттеліп, жаңа Федерация ФИДЕ-нің үлкен отбасына қосылатын болады. Бұл – Қазақстанның әлемдік шахмат тақтасындағы кезекті жеңісі», – деп мәлімдеді Тимур Турлов.

KazChess Президенті сонымен қатар, Қазақстан шахмат федерациясы әлемге мектептерге шахматты енгізу және осы спорт түрін елде кеңінен дамыту бойынша білімі мен тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін, Қазақстанды шахмат әлемінің локомотиві ретінде қалыптастыруды мақсат ететінін атап өтті.

KazChess пен Қазақстанның профильдік министрлігінің бірлескен үлесі арқасында осы оқу жылының басынан бастап шахмат пән ретінде еліміздің 350 мектебінде оқытылуда. Оқу үдерісінде сәтті қолданылып жатқан оқу-әдістемелік материалдар әзірленді. Федерация мұғалімдерге арналған онлайн және офлайн тегін оқыту курстарын өткізуде, оған бастауыш сыныптардың 600-ден астам мұғалімі қатысып жатыр. Қазақстан Үкіметі былтыр қабылдаған Шахматты дамыту бойынша кешенді жоспарға сәйкес, 2027 жылға қарай шахмат кем дегенде 1400 мектепте вариативті компонент ретінде енгізілетін болады.

Фото: Kazchess

Будапештте өткен Бас Ассамблеяда ФИДЕ-нің басқарушы органдарына сонымен қатар Қазақстаннан екі өкіл сайланды: KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова Әйелдер арасындағы шахмат комиссиясының мүшесі бола отырып, ФИДЕ Бақылау комиссиясының құрамына енді, ал Freedom Finance Global Plc. компаниясының заң мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Ольга Баскакова Этика және тәртіп комиссиясының құрамына кірді.

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдесі иеленген. Олимпиаданың соңғы ойындарында құрама АҚШ пен Польшаны жеңіп, Үндістаннан бір ұпай ғана артта қалды.Будапеште 10-23 қыркүйек аралығында өткен олимпиадаға Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары қатысқан.  

Сондай-ақ оқыңыз