Жаңалықтар

Қазақстандағы нақты жалпы ішкі өнім өсімі 3,2%-ды құрады

Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі қанша / Фото: kursiv.media

2024 жылдың 6 айында Қазақстандағы жалпы ішкі өнім былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 3,2% өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар-маусымдағы өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 52,3 трлн теңгеге жеткен.

Қазіргі кезде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 116,6 млрд долларды құрайды.

«2024 жылы қаңтар-маусымдағы өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда тауарларды, қызметтерді өндіру және өнімдерге салынатын салықтар бойынша нақты өсім 3,5%, 3,4% және 1,1% құрады», – делінген ҰСБ хабарламасында.

Жалпы ішкі өнім үлесінде тауарлар өндірісі, өнеркәсіп, қызмет саласының үлесі басым. Мәселен, тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету саласының үлесі 35,9% және 57,1% құраған. ЖІӨ-нің өндірісіндегі негізгі үлесті өнеркәсіп саласы – 28,3% алып отыр.

2023 жылдың 6 айымен салыстырғанда, ЖІӨ нақты мәнде 3,2% өскен. Соның ішінде ақпарат және байланыс (11%),құрылыс (8,6%), көлік және жинақтау (7,2%), электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау (6,1%), өңдеу өнеркәсібі (5,1%) салалары ең көп өсім байқатқан.

Қазақстан Үкіметінің жоспарына сәйкес, 2024 жылы ел экномикасы 6 пайыз өсім көрсетуі керек. Ал Ұлттық жоспарға сәйкес 2029 жылға қарай жалып ішкі өнімнің өсімі жыл сайын 6,7%-дан асуы тиіс.

Алайда нақты өсім мен жоспар аса сай келмей тұр. Оған қоса, халықаралық ұйымдар да Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамын қайта қараған. Мәселен, Азия даму банкі болжамын сәл нашарлатып, Қазақстан ЖІӨ-сі биыл 3,6% өсім көрсетеді деп болжады. Бұған дейін АДБ елдің жалпы ішкі өнімі 3,8% өседі деген болжам жасаған.