Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы болды

Жарияланды 30 Қыркүйек 2024 08:48

(жаңартылды 30 Қыркүйек 2024 10:33)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
робототехника
Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлем чемпионы / Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар Грецияда өткен First Global Challenge робототехника бойынша әлем чемпионатында үшінші жыл қатарынан жеңімпаз атанды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

«Қазақстандық оқушылар бірнеше бағыт бойынша көшбасшы болып, әлемнің 190 елі арасында жеңіске жетті», – делінген хабарламада.

Grand Challenge Award номинациясындағы алтын медальдан және ойындардағы рекордтық ұпайлардан бөлек, ұлттық құрама қоржыны Альберт Эйнштейн атындағы FIRST Global International Excellence және инженерлік жаңалықтар үшін Robots Skills Challenge номинациялары бойынша екі күміс медальмен толықты.

«Тағы да жарыс рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алғанымызға қуаныштымыз. Әлемде бірде-бір ел екі дүркін чемпион болмаған. Біз үшінші жыл қатарынан жеңіске жетіп жатырмыз. Ұлттық құраманың құрамы осы жылдар ішінде бірде-бір рет қайталанбады. Яғни ел намысын үш жылда үш түрлі команда қорғағанын атап өткіміз келеді», – деді ұлттық құраманың жаттықтырушысы Асылбек Мырзахметов.

Команда құрамына Алматыдағы физика-математика мектебі, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары: Досжан Дайран, Ердәулет Тургенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев және Қадылбек Дастан енген.

Бұған дейін қазақстандықтар 2022 жылы Женевада, ал 2023 жылы Сингапурда жеңіске жеткен.

FIRST Global Challenge – жыл сайын әртүрлі елдерде өткізілетін олимпиадалық стильдегі робототехника бойынша дүниежүзілік чемпионат.

Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әйелдер құрамасын 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдесімен құттықтағанын жазғанбыз. Олимпиаданың соңғы ойындарында құрама АҚШ пен Польшаны жеңіп, Үндістаннан бір ұпай ғана артта қалған.

Сондай-ақ оқыңыз