Алтынның әлемдік нарықтағы бағасы көтерілуін жалғастырып, бір унциясы үшін 2,7 мың долларды құраған тарихи максимумға жақындады.
Қыркүйек айының басынан бері қымбат металдың бағасы 6%-ға жуық өсті.
Негізгі өсім факторы АҚШ Федералды резервтік жүйесінің негізгі мөлшерлемені төмендету туралы шешімі болды. Сонымен қатар АҚШ-тағы алдағы президенттік сайлауға байланысты күтілетін нәтижелер де алтын бағасының өсуіне қосымша қолдау болды.
Сарапшылар бағаның одан әрі өсіп, бір унция үшін 3 мың долларға жету мүмкіндігі барын болжап отыр. Мысалы, жақында Bank of America сарапшылары алдағы бір жарым жылда алтынның бір унциясының бағасы 3 мың долларға (96,5 доллар немесе грамына 46 300 теңге) дейін көтерілетінін хабарлады.
Айта кетейік, 2024 жылдың басынан бері алтын бағасы 23%-ға өсті. Мұның бірнеше себептері бар. Сарапшылардың айтуынша біріншіден, АҚШ Федералды резервтік жүйесі негізгі мөлшерлемені төмендете бастайды деген үміт артып келеді. Екіншіден, Таяу Шығыс пен Украинадағы қақтығыстардың қашан аяқталатыны белгісіз. Геосаяси жағдайлар алтын құнына бірден-бәр әсер етуші фактор. Үшіншіден, көптеген елдердің орталық банктері (соның ішінде Қазақстан да) соңғы бес жылда алтынды сенімді қауіпсіз актив ретінде көптеп сатып алуда.
Еске салайық, бұған дейін алтын бағасына Таяу Шығыстағы ахуал ықпал етіп жатқаны туралы хабарлаған едік.