«Қаражанбасмұнай» құны жарты млрд теңгеден (588 млн теңге) астам болатын жабдықтарды аукционға шығарды. Бұл туралы Электронды сауда алаңы сайтында жазылған.
Бұл жабдықтардың жалпы саны – 961 дана. Олардың бастапқы құны 588 млн 651 мың 218 теңге. Кепілді салым 88 млн теңгеден асады. Сауда 2024 жылғы 1 қазан басталады.
Аукцион бағаны көтеру ретімен өтеді. Бұл ретте бастапқы баға алдын ала хабарланады. Сауда барысында ең жоғары бағаны ұсынған адам лотты иеленеді. Құрылғыларды сату себебі жазылмаған.
«Қаражанбасмұнай» АҚ – Маңғыстау облысы, Бозашы түбегінде орналасқан Қаражанбас кен орнынан мұнай өндіретін ірі компания. Ол «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына кіреді. Кен орнының тарихы 1974 жылғы 26 қаңтардан басталды.Мұнда ең алғаш рет 303 метр тереңдіктен алғаш мұнай фонтаны атқылады. Компанияға өңірдегі мұнай өндірістің 12%, ал Қазақстан бойынша 2,5% үлесі тиесілі.
Айта кетейік, бұған дейін «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «Қаражанбастағы» зауыты толық қуатпен жұмыс істей бастағанын хабарладық.