Lifestyle

Toyota, Mazda және Fiat бағдарламалық ақаулары бар 136 мың автокөлікті кері қайтарады

Toyota, Mazda және Fiat 136 мың автокөлікті кері қайтарады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Toyota, Mazda мен Fiat 136 мың автокөлікті кері қайтаратын болды. Бұған басты себеп – бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақау. Toyota тұрақтандыру жүйесінің электрондық басқару блогының бағдарламалық жасақтамасында қателерді анықтады, ал Mazda мен Fiat-та қауіпсіздік жастықшаларын басқару модульдерінің бағдарламалық жасақтамасы дұрыс жұмыс істемейді. Екеуіне де жабдықты жеткізуші немістің Bosch компаниясы.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасының (NHTSA) мәліметінше, Toyota АҚШ-та тұрақтандыру жүйесінің электронды басқару блогында бағдарламалық құрал ақаулары бар 42 мыңнан астам Corolla Cross гибридті кроссоверлерін кері қайтарып алуда. Бұл көліктерде апаттық тежегішті күшейткіш бұрылу кезінде істен шығуы мүмкін. Жөндеу компаниясы 2023-2024 жылдары шығарылған және Bosch тежегіш жетектерімен жабдықталған көліктерді кері қабылдауда.

Мұндай бағдарламалық шешім тек Corolla Cross-да ғана емес, жапондық брендтің басқа автокөліктеріне де қолданылады. Автокөлік өндіруші қазір қандай модельдерде қателер бар-жоғын тексеріп жатыр.

Ал Mazda 2016 және 2023 жылдар аралығында шығарылған 77 670 дана MX-5-ті, Fiat 2017- 2020 жылдың арасында шығарылған 124 Spider-дің 15 835 данасын кері қайтаруда. Екі жағдайда да Bosch-тың Солтүстік Америка бөлімшесі шығарған қауіпсіздік жастықшаларын басқару модульдеріндегі бағдарламарда қателер туындаған. Апат болған жағдайда қауіпсіздік жастықтары әдеттегіден қатты атылуы мүмкін.

Авто шығарушы компаниялар бағдарламалық жасақтаманың дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты апаттар немесе құрбандар туралы ақпарат жоқ, деп сендіреді. Олар анықталған ақаулар жеке құрамдас бөліктердің ақауымен емес, конструкторлардың кемшіліктерімен байланысты дейді.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар 2024 жылғы ең сенімсіз көлік маркаларын айтқан еді.