Lifestyle

«Люкс» санатындағы марка Bentley электромобильдерге емес, гибрид шығаруға басымдық бермек

Бренд 2030 жылдардың ортасына қарай толығымен электромобильдерге көшуі де мүмкін / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Bentley басшылығы электромобиль емес, гибрид өндіруі мүмкін. Бұл туралы Car & Driver-пен сұхбатында «люкс» санатындағы марканың атқарушы директоры Франк-Стеффен Уоллизер айтты. Оның пайымынша, «таза» электр көліктеріне көшу ұзаққа созылады. Өйткені қазір «люкс» нарығының тұтынушылары электромобильдерден бас тартып, тек дәстүрлі жанармайға негізделген қозғалтқыштарды қарастыруда. Дегенмен бұл жағдай алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. 

«Мысалы, смартфондардың дамуын атап өтуге болады. 2000 жылдардың басында 3G мобильді интернет үш жылдың ішінде барлық жерде болатын сияқты көрінді. Алайда болжамдар орындалмады: бұл процесс 10 немесе 12 жылға созылды. Оны пайдаланатындар саны болжамнан әлдеқайда жоғары болды. Көлік нарығында да осы жағдай қайталануы мүмкін”, – деді Франк-Стеффен Уоллайзер.

Компания басшысының айтуынша, инфрақұрылым дамыған кезде электромобильдерге де сұраныс артады. Алайда Bentley-дің бір сегментте бензинді де, электромобильді де шығаруға шамасы келмейді. Сондықтан өндіруші басқа нұсқа іздеді. Бұл ретте мәселенің шешімі – гибридтер (PHEV) болмақ. 

Уоллизердің айтуынша, бұл тұтынушыларға қолдау көрсете алатын жақсы шешім. Дегенмен бренд басшысы PHEV жүйелеріне толық көшуді қамтамасыз етуге әлі дайын емес. 

«Электромобильдерге келетін болсақ, ол нарыққа кешігіп, 2027 жылы шығады. Бренд 2030 жылдардың ортасына қарай толығымен электр көліктерге көшуі де мүмкін. Бірақ әзірге гибридтерге басымдық беруді жоспарлап отырмыз», – деді Уоллизер. 

Жаңа Bentley электрокары ешбір үлгіні алмастырмайды, бірақ ассортиментті толықтырады.

Еске сала кетсек, Еуропада автокөлік сатылымы кейінгі үш жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Bloomberg Volkswagen шығындарды азайту үшін Германиядағы зауыттарын жабуы мүмкін деп хабарлаған. Әлемге әйгілі Audi зауыты жабылуы мүмкін. Сондықтан Брюссельдің 5,5 мың тұрғыны наразылық шеруіне шықты.