Қазақстандықтардың орташа табысы 12% өсті. Атырау облысында көрсеткіш жалпы республикалық мәннен екі есе жоғары
2024 жылғы II тоқсанда халықтың жан басына шаққандағы орташа айлық табысы 204 963 теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Аталған көрсеткіш 2023 жылғы II тоқсанмен салыстырғанда 12,6% жоғары. Алайда нақты табыс 3,8% ғана артқан. Бұған себеп инфляция. Биыл тұтыну бағалары индексін 8,5% болғанын ескерсек, халықтың ақшалай табысының нақты мәнді 3,8%-ға ғана өскенін байқауға болады.
2024 жылғы II тоқсанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысының ең жоғары мөлшері Атырау облысында тіркелген. Онда көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2 есеге жуық жоғары.
Табысы ең төмен өңір болып Түркістан облысы. Өңірде халықтың табыс мөлшері орташа республикалық деңгейдің жартысына жуығын құрайды.
2024 жылғы II тоқсанда өңірлер бойынша халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы табысының ең жоғары және ең төменгі мәні арасындағы ара қатынас 3,2 есені құрайды. Былтырғы II тоқсанда көрсеткіш 3,4 есе болған.
Еске сала кетсек, Қазақстанда кедейлер саны артты. Елде 1 млн-нан астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Бұл халықтың 5,1%-ы. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз адамдар саны 1,1%-ға артқан.
Деректерге сүйенсек, 1 млн-нан астам қазақстандықтың баспана мен азық-түлік алуға жұмсайтын шығыны табысынан 2 есеге асып түседі.
Үкімет болжамынша, 2029 жылға қарай Қазақстанда орташа жалақы 570 мың теңгеден асуы мүмкін.