Футзалдан Қазақстан – Аргентина ойын қарсаңында ФИФА ресми мәлімдеме жасады

Жарияланды 30 Қыркүйек 2024 10:45

(жаңартылды 30 Қыркүйек 2024 12:01)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстан – Аргентина: ФИФА ресми мәлімдеме жасады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында Аргентинаға қарсы ойын алдында Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Қазақстан құрамасына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

«Қазақстандық ойыншылар Альберт Ақбаликов, Дәурен Тұрсағұлов және Шыңғыс Есенаманов, сондай-ақ олардың бас бапкері Кака ескерту алды. Егер олар тағы бір сары қағаз алса, келесі кезеңге өткен жағдайда, жартылай финалға қатыспайды. Аргентина құрамасынан Анхель Клаудиньо, Лусиано Гауна, Агустин Пласа, Пабло Таборда және Кики Вапораки де осындай жағдайда», – делінген хабарламада.

Есенаманов пен Ақбаликов сары қағаздарды топтық кезеңде Жаңа Зеландияға қарсы ойында алған болса, Тұрсағұлов плей-офф кезеңінде Португалияға қарсы матчта «ескертуге» ие болған.

Айта кетейік, Аргентина құрамасы футзалдан 2016 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы күміс жүлдегері болды. Сонымен қатар олардың еншісінде 2003, 2015 және 2022 жылдары жеңіп алған үш Америка Кубогының титулы бар. Қазақстан әлем чемпионатында үшінші рет әлем чемпионымен кездесіп отыр. Бұған дейін ұлттық құрамамыз Испаниямен тең ойнап, Португалияны жеңген еді.

Футзал – футболдың бір түрі, бұл спорт түріндегі жарыстар Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) аясында өтеді. Футзалдан алғашқы әлем чемпионаты 1989 жылы өткен. ФИФА рейтингісіне сәйкес, әлемдегі ең мықты команда – Бразилия ұлттық құрамасы, ал қазіргі әлем чемпионы және екінші орындағы команда – Португалия. Қазақстан чемпионат басталар алдында 8-ші орында тұрған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан әлем чемпиондары Португалия құрамасын жеңіп, ширек финалға өтті.

Қазақстан – Аргентина ойыны бүгін, 30 қыркүйек күні, сағат 20:00-де өтеді.

Футзалдан әлем чемпионаты 2024 жылы 14 қыркүйектен 6 қазанға дейін Өзбекстанда өтуде. Қазақстан құрамасы топтық кезеңде бірде-бір жеңіліс көрмеді. Кака шәкірттері алғашқы ойында Испаниямен тең ойнаса (1:1), кейін Ливияны (4:1) және Жаңа Зеландияны (10:0) жеңді.

Сондай-ақ оқыңыз