Еліміздің бірнеше өңірінде жылыту маусымы басталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Елімізде жылыту маусымы басталды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның бірнеше өңірінде жылыту маусымы басталды деп хабарлайды Энергетика министрлігі. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталды. 1 қазаннан бастап Абай, Ақтөбе және Қарағанды ​​облыстарында жылу беріле басталады деп жоспарланып отыр.

Ал Алматы әкімдігінің мәліметінше, қаладағы нысандарды кезең-кезеңмен жылуға қосу тиісті органның қаулысына сай жүзеге асырылады. Бұл процесс қалада сыртқы ауаның тұрақты орташа тәуліктік температурасы +8°C және одан төмен көрсеткішке 5 күн қатарынан жеткен кезде басталады.

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, Алматыда алдағы 3 күнде ауа райы тұрақты, ауа температурасы түнде 6-8 болса, күндіз 19-21 градус жылы болады.

Тұтынушыларды жылу жүйесіне қосу төмендегідей кезекпен жүзеге асырылады:

– балабақшалар, емдеу мекемелері, мектептер, кәсіби мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер;
– тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер;
– әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар;
– өзге ғимараттар.

Министрліктің мәліметінше, барлық электр станциялары жылыту маусымының басталуына дайын, негізгі жабдықтармен, соның ішінде қазандықтармен және турбиналармен қамтамасыз етілген. 2024 жылы АЭК-тің (электр желілерін тарату компанияларының) электр желілерінде 20,8 мың км электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4054 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 19,9 мың км электр желілері, 376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді.

Жылумен қамту саласында 2024 жылы 546 км жылу желілерін күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта 516,3 км жылу желілері жөнделді, бұл жылдық жоспардың 94,6% құрайды.

Энергия көздерінің қоймаларындағы отын қоры 5,2 млн тонна көмір мен 89 мың тонна мазутты құрайды, бұл жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қыста қалалар қатпайды деп кепілдік берген еді. Сондай-ақ Екібастұз бен Риддердегідей оқыс оқиғалар биыл болмайды деп сендірді.

Сондай-ақ оқыңыз